Зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен өңірге танымал суретшілер кітапханадағы оқырмандар залына бір мақсатпен жиналып отыр. Соңғы кезде кейінгі толқын газет-журнал ақтарып, туған өлкесінің өткеніне, тарихына аз үңілетін болған.
Сәйкесінше, сұраныс болмағандықтан таным көкжиегін кеңейтіп, рухани азық беретін әдеби-көркем, публистикалық журналдардың саны ел бойынша некен-саяқ. Оның біреуі солтүстікте орыс тілінде шығатын “Провинция” журналы. Осыдан 9 жыл бұрын жарық көрген журналды оқитындар саны облыс бойынша 250-ге жетер-жетпес болған. Ал, қазір жағдай оңалып келеді.
Василий Коноплев, “Провинция” облыстық әдеби-көркем журналы редакция алқасының мүшесі:
– Мен 2005 жылы шыққан журналдың әлі де ғұмыр кешіп жатқанына таңым бар. Әдетте мұндай журналдар оқырмандардың сұранысына ие болмай, жабылып қалатын. Бұл журнал әдебиетшілерге, ақындарға өлкетанушыларға және СҚО-ның тарихын танып білемін деген студенттерге үлкен көмекші құрал.
“Провинция” журналында тұлға және қоғам, проза, поэзия, өлкетану, ата-тек шежіресі сынды 25-тен астам айдардан тұрады. 100-ден астам тұрақты авторы бар. Қосымша ішінде әзіл, афоризмдер жазылып тұрады.
Лариса Морозова, “Провинция” облыстық әдеби-көркем журналының шеф-редакторы:
-Біз әр автормен жеке-жеке жұмыс жасаймыз. Жазған туындыларын бірге талқылап, ренжітпей қателіктерін келісе отырып түзетеміз. Біздің журнал жас пен жасамыс деп ешкімді бөліп жармайды. Қайта біз әркімнің бойындағы дарынын, қабілетін жасырмай, оқырмандармен бөліссе екен дейміз.
Редакция алқасы осы жиынға колледж студенттерін жинапты. Жастар жағы өңірде мұндай журналдың аты түгіл, барын да мүлде естімепті.
Дарья Малюкова, студент:
-Мен қаламызда мұндай мазмұнға бай журналдың бар екенін білмеппін. Менің ойымша, біз ғаламтор бар деп газет-журналдарды өмірімізден ысырып тастай алмаймыз. Өйткені, бұл журналдан өзіңе мол рухани азық алуға болады.
Биыл “Провинция” облыстық әдеби-көркем журналында тың игеру жылдары, 1-ші ҰОС-на қатысты жаңа айдарлар пайда болады.
Берік Қасен