Билік

Қызылжар ауданының әкімі Якорь селолық округінің тұрғындары алдында есеп берді

 

Еркебұлан Кәменовтың Қызылжар ауданының әкімі қызметіне тағайындалғанына көп уақыт бола қойған жоқ, не бары жарты жыл. Десе де, әкім салмақты түрде ең алдымен жиналғандарды 2013 жылы ауданда тындырылған жұмыстармен таныстырып, әлеуметтік- экономикалық даму деңгейінен құлағдар етті. Атқарылған істер атан түйеге жүк боларлық, бірақ алда әлі шешімін табуы тиіс біраз мәселе бар. Олар жайлы кездесуге жиналған тұрғындар баяндады.

 

Балапан Көпенов,Якорь ауылының тұрғыны:

Мен бұл ауылда 47 жылдан бері тұрамын. Бұрындары су, жол, жарықтандыру мәселелері бізді мазаламайтын. Енді қазір барлығы нашар күйде. Әсіресе жол жағдайы барлығымыздың титығымызға тиіп бітті. Сол қашан шешіледі?

 

Еркебұлан Кәменов,Қызылжар ауданының әкімі:

Біз жобалық-сметалық құжатты әзірледік. Ауылға кіре-беріс 2 шақырымға жуық жолды жөндеуге 51 млн теңге қажет. Жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы2020» бағдарламасы аясында 143 млн теңге бөлінді. Сондықтан жолды биыл қалпына келтіреміз.

 

Көбіне ауыл тұрғындарының сауалдары бір-бірімен үндесіп жатты. Айталық, бірден бірнеше сауал жолдаған Галина Куц ауылда су мәселесі өзекті дейді. Аудан әкімі ауылдарды тіршілік көзімен қамту мәселесі біртіндеп шешілетінін жеткізді.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

– «Ақ бұлақ » бағдарламасы бойынша қолға алынған барлық жұмыстар әрине аяғына дейін жеткізіледі. Өйткені ол мемлекеттік бағдарлама, сондықтан бақылау жұмыстары қатаң түрде жүргізіледі. Сіздің ауылда жөндеу жүріп жатыр. Үстіміздегі жылдың аяғы, не 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында тапсырылады деп үміттенеміз.

 

Бұдан өзге селолық округ тұрғындары ауылдағы емдеу мекемесінде тіс жөндейтін құрылғының жоқтығы мен жедел жәрдем көліктерінің аздығын тілге тиек етті.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

Денсаулық мәселелері жіті қадағалауға алынған. Биыл Денсаулық сақтау министрлігі жан басына шаққандағы қаржыландыруды қолға алды. Биыл бізге қаржыландыру 70 млн теңгеге өседі. Бұл қаражат тіс емдейтін құрылғыны да, заманауи көлік алуға да жетеді.

 

Бұл Қызылжар ауданы басшысының халық алдындағы 6-шы есеп беру кездесуі.

 

Мағжан Ахмадина