Әр түрлі

Өткен жылы өңірде еңбек заңнамасына қатысты 2 мыңға жуық заңбұзушылық тіркелген

 

Еңбек инспекторларына күніне кем дегенде 10 арыздан түседі екен. Бұрынғыға қарағанда шағымдар жиіледі дейді олар. Әсіресе, қала тұрғындары көп келетін көрінеді. Олар өткен жылы жоспарлы түрде 91 тексеру жүргізсе, арыздар бойынша кәсіпорындарға 646 рет шыққан. Салынған айыппұлдың 33 млн-нан астамы өндіріліп алыныпты. Дегенмен де, әлі де 5 кәсіпорынның өз жұмыскерлеріне деген борышы бастан асады. Соның бірі – жыры таусылмай келе жатқан Петропавл әуежайы. Ондағы берешек 13 млн. теңгені құрап отыр. Ал, аз деген қарыз 400 мың теңгенің маңайында. Ол – “Севимстальком” серіктестігіне тиесілі.

 

Антон Алексеев, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы ақпараттық-сараптамалық қамсыздандыру секторының бас маманы:

-Өткен жылы “Компания Диорит ЛТД” ЖШС-нде дау-жанжал туындаған еді. Жұмыс беруші қызметкерлерінің еңбек жағдайын біржақты тәртіпте өзгертпекші болған. Содан сол кәсіпорынға барып, мән-жайды анықтадық. Ақырында, барлығы да өз орнына келді.

 

Мамандардың айтуынша, тағы бір алаңдатарлық жағдай еңбекті қорғау мен қауіпсіздікке байланысты. Өткен жылы осыған қатысты 500 заңбұзушылық тіркеліпті. Көбісі ауыл шаруашылығы саласында орын алған.

 

Антон Алексеев, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы ақпараттық-сараптамалық қамсыздандыру секторының бас маманы:

-Алдыңғы жылы болған 73 оқыс жағдайда 74 адам жапа шекті. 13-і, өкінішке қарай, қайғылы аяқталды. Тұтас бір топтың да зардап шеккені анықталды.

 

Қызмет орнында туындайтын дау-жанжалдың бір себебі – жұмыс берушілердің жауапсыздығы болса, тағы біреуі – азаматтардың өз құқықтарын білмеуі. Еңбек инспекторлары халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға биыл мықтап кіріспекші.

 

Данаш Хамзина