Билік

Нұротандық депутаттар Елбасы Жолдауын талқылады

 

Халық қалаулылары алдымен Жолдаудың мазмұнына тағы бір үңіліп, міндеттерін нақтылады. Президент биылғы құжатты халық арасында кеңінен насихаттау – “Нұр Отан” партиясының басым бағыттарының бірі болуы керектігін атап өтті. Тапсырманы орындауға Петропавл қалалық мәслихатындағы партиялық фракция мүшелері бірден кіріскен. Бұдан бөлек, нұротандықтар жолдауда белгіленген тапсырмалардың орындалуын қадағаламақ. Бүгіннің өзінде облыс көлемінде жүзеге асып келетін бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы  нұротандықтардың бақылауында.

 

Жасұлан Ахметов, Петропавл қалалық мәслихатындағы “Нұр Отан” партиясы депутаттар фракциясының жетекшiсi:

-Соңғы кездері тұрғындар қоғамдағы тәртіпті бұзып жүрген адамдар туралы көп шағымдар түсіруде. Олардың айтуынша, кейбіреулері алькоголдік өнімдерді үйлерінде астыртын сатады. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға насыбай, темекі сатылып жатыр. Мұнымен қоса қоғамдық тәртіпті қадағалайтын 5 учаскелік инспекторға 1 компьютер ғана берілген. Сәйкесінше, бұл олардың жұмысын тежейді. Осы мәселелер шешімін табуы тиіс.

 

Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу жайына қалалық ІІБ-ның бастығы Қанат Айтбаев тоқталды. Өткен жылы қоғамдық орындардағы ұсақ қылмыстар 51 пайызға өскен.

 

Қанат Айтбаев, Петропавл қалалық ІІБ басшысы:

-Патрульдік жасақтың көшедегі қылмыстарды ашуы 6 пайызға артты. Өткен жылы 300 қылмыс тіркелді. 287 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғындардың көбі ұсақ қылмыстарды мас күйінде жасаған. Айыпты азаматтардың 43-і мәжбүрлі түрде оңалту орталығына жіберілді. Бір қуантарлығы жедел алдын алу шараларының арқасында кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 32 пайызға кеміді.

 

Елбасы Жолдауында 2020 жылға қарай мектеп жасына дейінгі балаларды 100 пайыз балабақшалармен қамту тапсырмасы берілді. Бүгінде Петропавлда балабақша кезегінде 9000 балғын тұр. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Татьяна Протопопова жолдау жүктеген міндетті 6 жыл ішінде атқарып шығу өте қиынға соғады дейді. Сондықтан, ол жергілікті депуттатрдан осы мәселені бірлесіп шешуге шақырды.

 

Татьяна Протопопова, Петропавл қаласының білім бөлімі басшысының орынбасары:

-2015 жылға қарай біз 500  орынға шақталған балабақша ашамыз ба деп көздеп отырмыз. Алайда, бұдан балабақша кезегінде тұрған адамның саны кемімейді. Биыл біз 5-ші және 43-ші мектеп аралығына жаңа балабақша саламыз. 320 орынға шақталған нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Қала әкімі Төлеген Закариянов перинаталдық оталық ауданынан балалар қалашығын салып береміз деп уәде берді. Онда сәтін салса, 4 балабақша бой көтермек.

 

Жолдауда мүгедектерге қамқорлық жасап, еңбекке қабілеті барларын жұмысқа орналастыру жағы айтылған. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қаламыздағы жолаушы тасымалдаушы мекемелер ғана жеңілдік жасап, жәрдем көрсетуде.

 

Галина Семенова, қалалық мәслихат депутаты, “СҚО Автокөлік одағы” Ассоциациясының төрайымы:

-Бізде соңғы 5 жыл бойы қоғамдық көлікте мүгедектер қоғамының, “Асыл ана” әйелдер қоғамдастығының мүшелеріне автобустарда ақысыз жүруге рұқсат берілген. Сонымен қатар, ондай қолдауды Ауғанстанда болып келген интернационалист жауынгерлер мен Чернобыль апатын залалсыздандырған адамдар алады.

 

Жиын соңында депуттар өз міндеттерін қаншалықты атқарып жатқандығы туралы жиналғандарға есеп берді.

 

Берік Қасен