Балалар

Сергеевкада бүлдіршіндердің 64 пайызы балабақшамен қамтылған

 

“Тамшы” шағын орталығы Евней Бөкетов атындағы мектеп-гимназия  жанынан 2010 жылы ашылды. Ол кезде мектепке дейінгі тәрбиені 25 бүлдіршін ғана алуға мүмкін болды. Бұл нысан өткен жылы “Балапан” бағдарламасы аясында тағы 75 орынға дейін кеңейтіліпті. Оған аудандық бюджеттен 4 млн теңге қаражат жұмсалған. Енді мұнда Сергеевканың 100 кішкентай тұрғыны мектепке дейінгі тәрбиені алып жатыр.

 

Нағима Біләлова, Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының директоры, Шал ақын ауданы:

Бастапқыда 1 ғана топ болды. Бүлдіршіндер тек орыс тілінде мектепке дейінгі тәрбиені алды. Қазір 25 баладан 4 топ бар. Екеуі қазақ тілінде болса, қалғаны орыс тілінде. Елбасының ұстанып отырған саясатының арқасында біз осындай мүмкіндіктерге ие болып отырмыз.

 

Шағын орталық гуманитарлық-эстетикалық бағытта жұмыс істейді. Мұнда балғындарға мектепке дейінгі тәрбиені алуға барлық мүмкіндік бар. Айта кету керек шағын орталық кеңейтілгелі мұнда қосымша тағы 15 жұмыс орны ашылыпты. Людмила Беркеева Городецкое селосындағы негізгі мектепте жұмыс істеген. Енді шағын орталыққа ауысыпты.

 

Людмила Бекреева, “Тамшы” шағын орталығының педагогы:

Менің тобымда 25 бала бар. Олар топ болып жұмыс істейді. Осылайша оларға көп нәрсені үйретуге болады. Бүлдіршіндерге мектепке дейінгі білімді беру үшін “Зерек бала” бағдарламасымен жұмыс істеймін. Және балалардың ойлау қабілетін дамыту үшін ресейдің бағдарламаларын да қолданамын.

 

Бүлдіршіндер мұнда ойнап, уақыттарын қызықты өткізеді.

Шағын орталық таңғы 8-ден кешкі алты жарымға дейін жұмыс істейді. Мұнда келіп жүрген балғындардың ата-аналары 1 балаға айына 7 мың теңге төлейді. Бүгінгі күні Сергеевкадағы 3-6 жасқа дейінгі балалардың 64 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Алдағы уақытта Шал ақын ауданының орталығында тағы 50 балаға шақталған шағын орталық ашылады деп жоспарлануда.

 

Бану Ахметова