Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Қызылжар су” ЖШС-не жаңа басшы тағайындалды

 

“Қызылжар су” ЖШС бас директоры болып Жеңіс Сұлтанов тағайындалып отыр. Жаңа басшының еңбек жолымен жиналғандарды облыс әкімі Самат Ескендіров таныстырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жеңіс Хамзаұлы 1966 жылы Шал ақын ауданының Жаңажол ауылында туған. Целиноград ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын сол туыпөскен ауылындағы совхозда инженер болып бастады. 1998-2004 жылдар аралығында коммерциялық салада қызмет етті.

 

Бұдан кейін облыс әкімі Самат Ескендіров алдағы уақытта кәсіпорынның атқарар міндеттері көп екенін айтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Кәсіпорын бұған дейін өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып келді. Алдағы уақытта инвестицияны кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағыттау керек. Суды үнемдеу басты назарда болғаны маңызды. Қазір тариф саясаты да осы үнеудеуге бағытталған.

 

Айта кету керек, судың бағасы жоғарылап, кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы 16 пайызға көтеріліпті. Дегенмен, бұнымен серіктестік жұмысшыларының проблемасы шешілмеген сияқты.

 

Сергей Визеров, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

-Біздің мекеме біресе жеке кәсіпорын ретінде, біресе мемлекеттік меншіктегі мекеме есебінде жүреді. Осыған байланысты әлеуметтік мәселелерімізді шеше алмаймыз. 20 жылдан бері біздің бірде-бір қызметкер пәтер алған жоқ.

 

Облыс әкімі Самат Ескендіров аталған кәсіпорынның жұмысы үнемі бақылауда болатынын айтты. Өз кезегінде “Қызылжар су” ЖШС бас директоры қызметіне тағайындалған Жеңіс Сұлтанов жүктелген міндеттерді абыройлы атқаратынына сенім білдірді. Айта кету керек, жаңа басшы бұған дейін “Алмас капитал Астана” ЖШС директоры қызметін атқарған.

 

Бану Ахметова