Билік

Петропавл қаласының әкімі есеп беру науқанын бастады

 

Ең алдымен қала әкімі әдеттегідей, өткен жылы тындырылған жұмыстарды баяндады. Төлеген Закарияновтың шаһар басшысы қызметіне келгеніне 8 айдан асыпты. Осы аралықта біраз істер атқарылған. Қала әкімі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына басымдық беріп отыр. Мысалы, Петропавлда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 6,6 млрд теңгенің 7 инвестициялық жобасы іске асыпты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы 3,15 млрд теңгеге 60 жоба субсидияланып, 488 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы 400-ден астам петропавлдық отбасы қоныс тойын тойлады. Құрылыс саласында соңғы жылдары біраз кемшіліктер бар. Ол жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы, нысандарды тапсыру уақытының тым кешіктірілуі, құрылыс материалдары өндірісінің жоқтығы. Бірақ бұл мәселе Петропавлда үй құрылысы комбинатын салудан кейін шешімін табады деген үміттемін. Оның құрылысы бүгінде басталып кетті.

 

Жарты сағаттық баяндама аяқталған соң, кезек сұрақ-жауапқа жетті. Алғашқы болып қала әкіміне өз сауалын Шухов көшесіндегі 42-үйдің ПИК-нің төрағасы жолдады. Олар ТКШ жаңғырту бағдарламасының аясында баспаналарын жөндеуден өткізуде. Мердігер компания – «Золотое сечение» ЖШС. Алайда, өз ісіне салғырттық танытқан кәсіпорынның кесірінен, 2012 жылы басталған шаруа әлі де аяқталмапты. Сағызша созылған жөндеу жұмыстарының енді қай уақытта тәмамдалатыны белгісіз. Өйткені серіктестік бастаған ісін соңына дейін тындыруға асығар емес.

 

Леонид Боев, «Шухова, 42» ПИК төрағасы:

– 1 жылда атқарған істері мардымсыз. Жұмысшылары жөнді ештеңе бітірмейді. Шатырды істейміз деп жаз бойы жүрді, нәтиже жоқ. Есесіне қатты жаңбырлар болғанда жоғарғы қабаттағы үйлерге су кірді. Ал серіктестік басшысын ұстау мүмкін емес. Екі жыл болды жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ.

 

Төлеген Закариянов,Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл жұмыстар биыл аяқталады деп сендіремін. Осындай бірнеше компания құрылыс жүргізбек түгіл, тіпті конкурсқа қатысуға лайық емес. Олар керісінше бағдарламаның орындалуын тежеуде. Барлық тиісті тексеріс жұмыстарын жүргізіп, биыл аяқталмаған жұмыстарды соңына жеткіземіз. Бірақ, сіздер де осы компанияның үстінен сотқа арыз жазуларыңыз керек.

 

Мәселесі оң шешімін табады деген үмітпен келгендердің бірі Гүлмира Қабдөшева. Оның балалары Әл- Фараби мектеп-лицейінде білім алады екен. Ата-ана бүгінгі таңда оқушылардың далада шынығуы үшін спорт алаңы жоқтығын айтып келген.

 

Гүлмира Қабдөшева:

18-ші мектепте спорт алаңы жоқ. Сол мәселе шешілсе екен деп отырмын.

 

Әкім бұл мәселені назарға алатынын жеткізді. Өйткені әр мектеп спорт алаңымен жарақтандырылуы керек. Жиында әскери қызметшілердің қызметтік баспанамен қамтылу мәселесін көтерген тұрғындар да болды.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

Биыл 400ден астам отбасы пәтерге ие болды. Әлі баспана кезегінде тұрғандар қаншама.

 

Жиында автобус бағыттарына қатысты сауал да жолданды. Тұрғындар қосымша қоғамдық көліктер шығарылса жақсы болар еді дейді. Бұған шаһар басшысы былай деп жауап қатты.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

Қала өсіп жатыр. Жаңа аудандар пайда болуда. Сондықтан автобустарға деген қажеттіліктер әрине артады. Бұл заңдылық. Қазір біз жолаушылар тасымалына қатысты жаңа жобаны қарастырып жатырмыз. Онда барлық талаптар ескерілетін болады.

 

Бұдан өзге кездесу барысында қаңғыбас иттерді аулау, жерге қатысты мәселелер қозғалды. Өйткені Солнечный ауданынан жер телімін алған кей тұрғындар ұзақ уақыттан бері оны рәсімдей алмай жүрген көрінеді. Шаһар басшысы бұл жағын да өз бақылауына алатын болды.

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

Өткен жылғы есептік кездесуде тұрғындардан 255 өтініш келіп түскен. Оның 95 пайызы оң шешімін тауыпты. Жалпы мұндай кездесулердің халық үшін берері мол. Қала әкімі Төлеген Закарияновтың келесі есебі 4 ақпан С.Мұқанов атындағы қазақ- сазды драма театрында өтеді.

 

Мағжан Ахмадина