ТЖ

Бір отбасы үйімен бірге өртеніп кетті

 

Таңғы сағат бес жарымда Жұмысшы кентінің Суворов көшесі, 13 мекенжайында орналасқан үйлердің бірі өртеніп жатқандығы туралы өрт сөндірушілерге хабар келіп түсті. Қызыл жалынды ең бірінші байқаған көршілері тез арада төтенше жағдайлар қызметіне хабарласыпты.

 

Андрей Кирпичников, куәгер:

-Таңертең анам мені оятып, көрші үй төбесінің жанып жатқандығы туралы айтты. Мен дереу өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, оқиғаның мән-жайын түсіндіріп бердім. Кейін үйден шығып құтқарушыларға қызыл жалынды ауыздықтауға көмектестім.

 

Құтқарушылар оқиға орнына жылдам жеткенімен, ол кезде үй іші лапылдап жанып жатқан. Жалынды сөндіруге 3 өрт сөндіру көлігі мен 19 құтқарушы жұмылдырылды. Құтқарушылардың жылдам қимылдауына сықырлаған аяз да кедергі келтірген. Өкінішке қарай, бүтін бір жанұяны өлім аузынан арашалап қалу мүмкін болмады. Көршілерінің айтуы бойынша отбасы жаман әдеттерден аулақ болған екен.

 

Жабай Мұхамедияров, Петропавл қаласының №4 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:

-Алдымен 3 адам мүрдесін анықтадық, 2 ересек адам және 1 бала. Кейін үйді тексеру барысында 4-ші мүрдені таптық, ол көрші бөлмеде болып шықты. Біз оқиға орнына келген кезімізде үйдің шатыры құлай бастады, сондықтан да өртті ауыздықтап, үй иелерін табу қиынға соқты.

 

Осылайша күтпеген жерден келген тілсіз жау бүтіндей бір отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Жастары 40 және 41-дегі отағасы мен отанасы және олардың мәпелеп отырған 7 және 15 жастағы екі баласы қыршынынан қиылды.

Осы жылдың қаңтар айында облыс бойынша 66 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 52-сі жеке тұрғын үй секторында орын алыпты. Тілсіз жау 8 адамның өмірін жалмап кетті, 2-уі бала. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға абай болуды ескертеді. Әсіресе мұржасы мен жылыту пештерін көзден таса қылмаулары керек. “Сақтықта қорлық жоқ”.

 

Бақыт Сәдуақасов