Құқық қорғау органдары

Автомобиль тонаудың алдын алу шаралары жүргізілуде

Өткен жылы облыс көлемінде автокөліктердегі құнды заттарды ұрлаудың 168 және темір тұлпарларды айдап әкетудің 14 фактісі орын алған болатын. Баукеспелер үшін дабылқаққыш орнатылмаған, есігін кілтпен бекітуге ұмытқан жандардың бағалы мүліктері оңай олжаға айналады. Тұрғындарға арнайы ақпараты бар парақшалар тарату шарасына аталған қылмыс түрлерінің күрт артуы түрткі болған.

Арнайы парақшалар халық көп шоғырланатын жерлерде – сапаржайда, көпқабатты үйлердің ауласында, базарлар мен қаланың ірі сауда орындарында таратылды.

 

Дулат Байтұсов, Петропавл ҚІІБ учаскелік инспекторы:

– Аталған парақшаларда көлік ұрлықтарының алдын алуға бағытталған кеңестер берілген. Сонымен қатар, өткен жылғы статистикалық мәліметтер келтірілген. Ал көлігіңізге ұры түскен жағдайда, полицияға хабар беру керек. Жадынамада тәртіп сақшыларының байланыс телефондары көрсетілген. Дер кезінде жеткен ақпарат қылмысты көп ұзамай ашуға мүмкіндік береді.

 

Учаскелік инспекторлар мен криминалдық полиция қызметкерлері парақшаларды таратудан бөлек, көлік иелерімен де тілдесіп, ұрылардан сақтану шараларын еске салды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева