Денсаулық сақтау

Дәрігердің қабылдауына интернет арқылы жазылуға болады

Еліміздегі денсаулық сақтау саласы заман ағымынан қалыспай дамып келеді. Жыл өткен сайын білікті дәрігерлер санаты артып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету оң жолға қойылды. Оған қоса аталмыш саладағы ақпараттық жүйе де соны жетістіктермен толығуда. Соңғы екі жылда отандық денсаулық сақтау жүйесінде арнайы портал жұмыс істеуде. Оның науқастарды электрондық кезекке қоюда пайдасы зор. Тек өткен жылдың өзінде аталмыш портал арқылы 37 мыңға жуық солтүстікқазақстандық емдеу мекемелеріне жіберіліпті. Елена Долганеваның бірінші қалалық ауруханада стационарлық ем қабылдап жатқанына 1 апта болған. Науқас кезекті көп күткен жоқпын дейді.

 

Елена Долгонева, науқас:

-Мен емханаға қаңтардың 9-да дәрігерлердің қабылдауына келген болатынмын. Олар мені бірден порталға кезекке қойып осы айдың 21-де ауруханаға жатуға жолдама берді. Бұрынғыдай сарылып кезек күткен жоқпын.

 

Бүгінде солтүстікқазақстандықтар тұрғылықты мекен жайлары бойынша өздерін емханаға тіркеуге электрондық жүйе арқылы енгізу мүмкіндігіне ие. Ол үшін тек электрондық-сандық қол қою жеткілікті. Аталмыш саладағы тағы бір жаңашылдық , биылдан бастап өңіріміздің әр тұрғыны дәрігер қабылдауына электронды түрде жазылуға қол жеткізбек. Оның бәрі интернет желісі арқылы іске асырылады. Жаңашылдықтарды денсаулық сақтау жүйесін дамытудың республикалық орталығы енгізіп отыр.

 

Раиса Зотова, “Республикалық денсаулық сақтаудың электрондық орталығы” СҚОФ директоры:

-Орталықты ашудағы мақсат өңіріміздегі денсаулық сақтау саласындағы ақпараттарды бір орталыққа жинап, оны электрондық жүйеге енгізу болып табылады. Сандық форматтан сондай-ақ жалпы өңір халқының денсаулығын бақылап отыруға да мүмкіндік бар. Бұл дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтып, көп уақытын науқастарды қабылдауға жұмсауға жол ашуда.

 

Денсаулық сақтау жүйесінің электрондық орталығы ақпараттық жұмыстармен айналысады. Одан тек дәрілік препараттар туралы ақыл-кеңес қана емес, сонымен қатар жалпы денсаулық сақтау саласындағы соңғы жаңалықтар жайлы да мол мағлұмат алуға болады. Бүгінде аталмыш орталықтар еліміздің әр қаласында жұмыс істеуде. Ол аталмыш саладағы атқарылып жатқан істерді бір жерден бақылап отыруға мүмкіндік береді.

 

Самат Есмағи