Бейнелеу өнері мұғалімдерінің байқауы

Мәдениет

14:19 28 Қаңтар 2014

Байқау екі кезеңнен құралған. Біріншісінде, оқытушылар қазылар алқасына портфолио, сабақтың бейнежазбасын, әдістемелік жұмысын және өзі мен оқушыларының суреттерін ұсынған болатын. Солардың арасындағы мықты деген алтау, міне, ақтық сында кездесті. Енді, олар өмірбаянын баяндап, натюрморт салулары керек. Татьяна Никитинаның жеңуге деген барлық мүмкіншілігі бар. Өйткені, ол «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер лицейінде үш пәннен сабақ береді. Олар – кескіндеме, сурет салу және композиция. Татьяна балаларды осы өнер түріне 5 жыл баулып келеді екен. Соның дәлелі ретінде ол түлектерінің дипломдық жобаларын көрсетіп, жетістіктерін мақтанышпен әңгімелеп берді.

Татьяна Никитина, “ЮНЕСКО клубы” көркемөнер лицейінің оқытушысы:

-Біз көптеген халықаралық байқауларға қатыстық. Бірталайында жеңіске жеттік, шетелге де көп шықтық. Сол себепті, осындай сайыстарға қатысу өте қызықты.

Сайыскерлердің тағы біреуі – Ғ.Мүсірепов ауданынан келген Әлия Мұқұшева. Ол өзімен бірге суреттерін аз әкелген екен. Өйткені, көңілдегіні қағаз бен матаға бояп түсіру үшін кейде материал жетпей қалады дейді. Сол себепті, облыс орталығына баруға тура келеді екен. Әлияның айтуынша, мына сайыс оның шабытына серпін қосты.

Әлия Мұқұшева, Ғ.Мүсірепов ауданы өнер мектебі “Изостудия” үйірмесінің оқытушысы:

-Біліктілігіңді арттырып, суретші ретінде жетілгің келеді. Мына жерде өзге оқытушылар мен олардың шәкірттерінің жоғары деңгейде орындалған жұмысын көріп, таң-тамаша болдым.

Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы қосымша білім беретін педагогтар арасында байқауларды жиі ұйымдастырады. Өткен жылы музыка пәнінің мұғалімдері сайысқан болатын. Ал, осы жолғы бейнелеу өнерінің оқушылары алғаш рет жарысуда.

Ирина Колодаева, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы директорының орынбасары:

-Жас ерекшелігі мен еңбек өтіліне байланысты шектеу қойған жоқпыз. Сол себепті, біз байқауға жастарды да, тәжірибелі мұғалімдерді де шақырдық. Олардың барлығы дарынды.

Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Данаш Хамзина