Құқық қорғау органдары

Жас жігіт ірі көлемдегі есірткімен ұсталды

 

 

Жасы 20-ға да толмаған Петропавлдың бұл тұрғыны үйінде есірткі сақтап, оны сатты деген күдікпен ұсталып отыр. Оның заңсыз іспен айналысып жүргені туралы ақпаратты есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына бөгде адам жеткізген. Хабар түскен соң, бірден аталған мекен-жайға полицейлер мен “Арлан” арнайы жасағы жетіп, күдіктінің үйін тінтіп шықты. Нәтижесінде жеке мүліктердің арасынан ақшылт қоңыр түстес ұнтақ оралған 3 қаптама табылды. Сот-химиялық сараптаманың көмегімен 200 граммдық заттың героин екендігі анықталды. Бұл аса ірі көлемдегі есірткі саналады.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Жалпы өткен жылы тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 203 келіге жуық түрлі есірткі заттарын тәркілеген. Оның 5 келісі героин ұнтағы.

Берік Қасен