Құқық қорғау органдары

Солтүстікқазақстандық полицей соққыға жығылды

ІІД жол-патрульдік батальонының қызметкері Бауыржан Жасұланов Ақжар ауданының орталығында «Mercedes» көлігін тоқтатқан. Темір тұлпардың мемлекеттік нөмірі болмапты. Құжат тексермек болған жол сақшысына іштегі жолаушылар дөрекі мінез танытқан. Тіпті біреуі сыртқа шығып, құқық қорғау қызметкерін періп жіберген. Шабуылшыны жығып, сабасына түсірген шақта қалған жолаушылар  қорғанушыны тепкінің астына алады. Сырт киімін шешіп, погондарын жұлуға дейін барыпты. Десе де полицей қызметтік көлікке жетіп, көмек шақырып үлгерген. Жүргізуші жанжал шығарған серіктерін тастап, қашып кеткен. Көп ұзамай ізін суытқан адамдар қолға түсті. Бассыздық танытқан жолаушылар қолдарымен жасағандарын еске түсіре алмай әлек. Олар араққа сылқия тойып алдық деп ақталуда. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалпы былтыр тәртіп сақшыларына 12 мәрте шабуыл жасалыпты. Кінәлілер жауапқа тартылып, түрлі мерзімге темір торға тоғытылды.

 

Жеңіс Ермұқанов