Білім

Білім беру саласындағы инновациялар

 

Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Десе де 2 жылға жуық уақыт ішінде атқарған жұмыстары атан түйеге жүк боларлықтай. Тек өткен жылы ғана ұстаздарға арнап 200-ден астам семинар өткізіпті. Онымен қоса ұлттық тарихымызды оқыту әдістемелерін дайындауға көп көңіл бөлген.

 

Гүлнар Арықпаева,Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

-Ұлттық тарихты зерттеп-зерделеуге қатысты өңір жетекшісі Самат Ескендіровтың тапсырмасына сәйкес, біз 2013 жылдың қазан-қараша айларында 9-11-сынып оқушылары арасында облыстық байқау өткіздік. Оның мақсаты – оқушылардың тарихты оқуға деген қызығушылығын ояту, төл шежіремізді меңгеруге ден қою және білімді де талантты балаларды анықтау болды. Оған облысымыздың 100-ден астам мектебі қатысып, жақсы нәтиже көрсетті.

 

Орталық мектепке дейінгі білім беру саласына да айрықша назар аударады. Балғындардың шығармашылық жағынан дамуын зерттеу мақсатында арнайы конкурстар өткізіледі. Ұстаздар мен тәрбиешілер қауымының да біліктілігін арттыру шаралары жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Балалардың психологиялық жай-күйі де орталық қызметкерлерінің назарынан тыс қалмаған.

 

Гүлнар Арықпаева, Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

-Балалардың психологиялық жағдайына әркез көңіл аударып отыру керек. Сондықтан психолог мамандар үнемі біліктіліктерін арттырып отырады. Өткен жылы «Жылдың үздік психологы» республикалық байқауында жергілікті ұстаз 2-ші орынға қол жеткізді. Алғаш рет психологиядан олимпиада өтті. Оған 150-ден астам оқушы қатысты.

 

Тұрғындардың компьютерлік сауатын арттыру шаралары да қарқынды түрде жүргізілген. 2013 жылы 15000 адам арнайы сертификаттарға ие болған.

 

Мағжан Ахмадина