Билік

Якорь селолық округі әкімінің есебі

Якорь селолық округтің әкімі Әнуар Қожахметовтың есебін тыңдауға келгендердің қатарында зейнеткер Жүсіп Жұмалиев те бар. Якорьде 40 жылдан бері тұрып келетін ақсақал өзін толғандырып жүрген бірнеше сауалдарын ала келіпті.

 

Жүсіп Жұмалиев, ауыл тұрғыны:

-Якорьде жарық жоқ. Мектеп оқушылары түнде құдыққа түсіп кете жаздайды. Екінші, автобус дұрыс жүрмейді бізде. Көше тазаланбайды. Асфальт бәрі бұзылған.

 

Әкім бол, халқыңа жақын бол. Якорь селолық округының жетекшілігіне Әнуар Қожахметов өткен жылдың тамыз айында сайланған еді. Қызметіне кіріскеніне 5 ай ғана болған әкім міне жиналған бұқара алдында өзіне қарасты 4 елді мекеннің ахуалын баяндауға кірісті. Алдымен қордаланып қалған проблемалаға тоқталды.

 

Әнуар Қожахметов, Якорь ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Біз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне Вешневка мен Якорьді байланыстыратын жолды күрделі жөндеу қажеттігін айтқан болатынбыз. Бірақ сұранысымыз әлі жауапсыз қалуда. Жарық жағына келер болсақ, қаражат болмағандықтан, бұл проблеманы шеше алмай отырмыз. Ал, Вознесенка және Ольшанканың тұрғындары мен сондағы кәсіпкерлер бірігіп, өздері көшелерді жарықтандыруды қолға алды.

 

Атқарылған іс аз. Дегенмен мұнда “Жұмыспен қамту жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Оның арқасында елді мекенде 100-ден астам тұрғын екі қолға бір күрек тапқан. Сонымен қатар Якорь орта мектебінің жанында былтыр балалар ойын алаңы салыныпты. Оған қазынада 900 мың теңгедей қаражат жұмсалған. Әкімнің есебі тыңдалған соң, арыз-шағымдар жәшігінде жиналған мәселелер қаралды. Онда бәріне ортақ жол, су, жарық, қаңғыбас иттер мәселелері көрініс тапқан. Әкімнің есебін тыңдауға келгендер көкейінде жүрген сауалдарын сол жерде өздері қойып, оған жауап алуға да тырысты.

 

Валентина Никольская, ауыл тұрғыны:

-Первомайская көшесінде зейнеткерлер тұрады. Олардың үйлеріне су тартылмаған. Ал, құдықтарды қар басып қалды. Енді олар тіршілік көзін қайдан алуы тиіс.

 

Әнуар Қожахметов, Якорь ауылдық округінің әкімі:

– Бұл мәселемен айналысатын жауапты адамдармен сөйлесіп, мәселені шешуге тырысамыз.

 

Якорьдегі жолдың ойық жерлерін жамауға жоба- сметалық құжат дайындалыпты. Кездесуде мал дәрігері, учаскелік полицейдің жоқтығы, бүлдіршіндерге мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемеде орын тапшылығы сөз болды. Халықтың проблемасын тыңдаған жергілікті басшы оны шешуге қолдан келгеннің бәрін істейтінін айтты.

 

Әнуар Қожахметов, Якорь ауылдық округінің әкімі:

– Көтерілген проблемалар орынды. Ауылдың гүлденуі үшін мәселелерді шешу қажет. Қойылған сұрақтардың барлығы алдағы уақытта қаралады.

 

Якорь ауылдық округі әкімінің есебін тыңдаған халық көтерген сауалдарының алдағы уақытта шешілетініне сенімді.

 

Ауылдағы тұрғындардың ахуалын жақсартуға бағытталған сұрақтар көтерілді. Осы мәселелер алдағы уақытта шешімін табатынына сенімдіміз. Әкіміміз әлі жас, десек те ол қол қусырып отырған жоқ. Проблемаларды шешуге тырысып бағуда.

 

Бану Ахметова