Қоғам

Қаңтардың 22-де «Нұр Отан» партиясында Ашық есік күні өтті

 

Селекторлық жүйеде өткен жиынға арқау болған негізгі мәселе – еліміздегі кембағал жандардың жағдайын жақсарту. Еліміз егемендік алған тұста тіпті мүгедектердің қоғамдық көлікте жүріп-тұруының өзіне толыққанды жағдай жасалмаған болатын. Ал ол дамыған мемлекеттерде бірінші орынға қойылған. Алайда көш жүре түзеледі демекші бүгінде олқылықтардың орны толтырылып жатыр. Халықтың әлжуаз топтарына қолдау көрсету Елбасының міндеттемесі. Ол өңірімізде тиісті деңгейде атқарылып жатыр деп айтуға болады.

 

Валентина Заборовская, Петропавл қалалық мүгедектер қоғамының төрайымы:

-Бүгінде облыс орталығындағы мекемелер мен көпқабатты үйлердің бәрінде пандустар бар. Қаладағы 300 аялдаманың алпысы мүгедектер арбасына таңылған жандардың жүріп тұруына ыңғайландырып жасалған. Қоғамдық көліктердің екеуіне бұл жандар өз күштерімен міне алады. Сондай-ақ әлеуметтік такси де жұмыс істейді. Оның құрылғанына биыл 5 жыл толмақ.

 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға мейлінше көмек көрсету Елбасының биылғы жолдауында да негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Ал ол міндеттердің жүзеге асырылуына бірінші кезекте жергілікті атқамінерлер жауапты.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

-Мүгедектердің мәселесі үнемі бақылауда. Олар мүгедектер ісі жөніндегі комиссия отырысында да қаралып тұрады. Бүгінгі жиында мүгедектерге арналған  автобус жайында сауал жолданды. Ол осы жылы шешімін табатын болады. Бұдан басқа да қыруар жұмыстар атқарылмақ биыл. Халықтың әлжуаз топтарын қолдауға байланысты.

 

Ендігі жерде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен еліміз бойынша әр сәрсенбі сайын көшбасшы партия ғимаратында селекторлық байланыс өткізілетін болады. Онда кембағал жандардың жағдайын жақсарту тұрғысында атқарылған жұмыстар сараланбақ.

 

Самат Есмағи