Өткен жылы тіркелген ішкі өнім өсімінің негізгі бөлігі өндіріс ошақтарына тиесілі. Облыс кәсіпорындары 152 млрд. теңгенің тауарын шығарған. Әсіресе, азық-түлікке жарамды шикізатты өңдеу жағы дамып келеді. Бұл – барлық жергілікті тауардың 75,6% құрайды. Астықты өлкенің агроөнеркәсіп кешені де кіріс көлеміне біршама үлесін қосқан. Былтыр өсімдік және мал шаруашылығы әлеуетін арттыруға барлық инвестицияның 44 пайызы құйылған.
Ольга Перепечина, СҚО статистика басқармасының басшысы:
– Ауыл шаруашылығы саласында 277 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Оның 73 пайызы жер өңдеген диқандардың еңбегі. Өзгесі мал шаруашылығына тиесілі. 97 мың тонна ет, 458 мың тонна сүт, 487 млн дана жұмыртқа саудаланды.
Құрылыс қарқыны да жаман емес. Былтыр жыл бойына 115 мың шаршы метрден артық тұрғын үй қолданысқа берілді. Жұмыссыз жүрген еңбекке жарамды жерлестеріміз де азайып отыр. Десе де 17 мыңнан артық солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек таба алмай әлек. Еңбекақы жоғарылап, орташа жалақы 74 172 теңгеге жетіп отыр. Ауыл еңбеккерлерінің табысы 18 пайызға өскенімен, әлі де облыста ең төмен бағаланатын жұмыс түрі саналады. Ең жоғарғы табысты қаржыгерлер мен сақтандыру компанияларының қызметкерлері алатын көрінеді. Олардың айлықтары шамамен 110 мың теңгені құрайды.
Ольга Перепечина, СҚО статистика басқармасының басшысы:
– Өндіріс ошағындағылардың еңбегі 16,7%, құрылысшылар мен көлік саласындағылардың айлығы 10% өсті. Ал ақпарат және байланыс қызметіндегілер жалақыны 13,6 пайызға артық алатын болды. Десе де ел көлемінде жалақы бойынша әлі де соңғы орындарда тұрақтаудамыз.
Кіріспен қатар, жерлестеріміздің шығыны да артып келеді. Денсаулық сақтау қызметтерінің құны 21 пайызға өскен. Азық-түлік бағасы да шарықтап кетті. Негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы қызметке жұмсалатын қаржы көбейтілді.
Ольга Перепечина, СҚО статистика басқармасының басшысы:
– Кәріздік қызмет өтемі 58 пайызға артты. Суық су-36, жарық шығыны -10, ыстық су мен жылу энергиясы 7,6 пайызға қымбаттады. Ет өнімдеріне деген сұраныс артқан сайын баға өсімі де байқалады. Шамамен 3 пайыз. Сүт өнімдері орта есеппен 9 пайызға өсті.
Санақшылар келтіріп отырған енді бір мәліметке сүйенсек, былтыр орташа айлық күн көріс шегі 15797 теңгені құрапты. Оның 66 пайызы азық-түлікке жұмсалса, қалғаны қызметтерді өтеуге кетіпті. Демографиялық жағдайға келсек, өлке тұрғындары 3,5 мың адамға азайыпты. Өңірімізді қоныстанудан, өзге аймақтар мен шетелдерге көшіп кету жағы басым түсіпті. Туу көрсеткіші 0,5 пайызға кем, өлім-жітім де біршама аз тіркелген. 4 мыңнан астам жас жанұя құрылғанымен, жартысына жуығында отбасының шырқы бұзылып, ажырасуға мәжбүр болыпты.
Жеңіс Ермұқанов