Білім

Сапалы білім мен заманауи ғылымды дамыту

 

Әдеттегідей жылдың бас құжаты әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей қатысты. 2050-ге дейінгі қалған жылдар жеті бесжылдыққа бөлінді. Олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешеді. Бұл орайда мемлекеттің дамуын өз қолына алатын білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеудің маңызы зор. Президент биылғы жолдауында да білім берудің сапасын арттыруға баса тоқталды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы, бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды.

 

Президенттің бастауымен еліміздің әр өңірлерінде салынып жатқан Назарбаев зияткерлік мектептері жоғары оқу орындарына дарынды балаларды дайындайтын кешенге айналуы тиіс. Ал жалпы білім беретін мектептердегі оқу бағдарламалары осыған негізделуі керек.

 

Сайран Мұстафина:

– Бұл мәселелерді шешу үшін мектептерде барлық жағдайлар жасалған. Оқушыларымыз соңғы жылдары жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ол өздерінің еңбегімен қатар мектеп ұстаздарының жұмысының нәтижесі. Соңғы облыстық олимпиадада оқушыларымыз 5 жүлделі орынға ие болды. Оның екеуі облыс намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

 

Таяудағы 2-3 жылда кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру көзделген. Келешекте жастардың техникалық білім алуы мемлекеттік кепілдендіруге көшіріледі. Бұл тұрғыда дуалдық жүйе ендірілмек.

 

Николай Ухов, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры:

– Жалпыұлттық еңбек қоғамын құру үшін алдымен кәсіби маман даярлау жағына аса көңіл бөлген дұрыс. Әсіресе болашақ маман иелерін нарық қатынастарына даярлап шығару керек. Сонда біз екі бірдей қоян атамыз. Түлек алған біліміне сай жеке ісін ашуға қауқарлы болуы тиіс. Сонда Елбасы қойған тапсырма – еңбек өнімділігін 5 есеге ұлғайтуға толық негіз болады. Студенттерді тұрақты табыспен қамту үшін біз бүгінде жұмыс берушілермен бір жағадан бас бір жеңнен қол шығаратындай әлеуметтік әріптестік орнаттық .

 

Нұрсұлтан Назарбаев жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға көшірудің де маңыздылығын атап өтті. Үлгерімі жақсы студенттер мен озат оқушыларды ынталандырудың жүйесін құру міндеттелді. Үкіметке 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап шәкіртақы мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Ал 2015 жылдың 1 шілдесінен білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға өсетін болады.

 

Екатерина Старостина, “Жас Отан” ЖҚ белсендісі:

– Болашақ педагог ретінде мені бұл жаңалықтар қуантпай қоймады. Білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік пакеті қайта қарастырылды. Келесі жылы шәкіртақым өссе. Кейін еңбек жолымды бастаған жылы жалақы көтеріледі. Елдің ғылыми, инновациялық дамуы біздей елжанды жастардың қолында. Келешек ұрпақ отанымызды табысқа жетелейтін негіз екенін түсінуі керек.

 

Сондай-ақ білім қуған жастар жеті жұрттың тілін білетін полиглот болулары тиіс. Үштұғырлық мәселесіне тағы да ерекше көңіл бөлінді кезекті жолдауда. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерулері тиіс. Әсіресе ұлтымыздың мәйегі – қазақ тілінің мәртебесін жоғалтпағанымыз жөн.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

-Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.

 

Озық және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін құру қамында сырттан тартылған инвестициялық қаржы толықтай жаңа технологияларды дамытуға бағытталады.

Тұрақты әрі қарқынды дамыған экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттырумен тікелей қатысты. Оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспарлар құру жүктелді.

 

Жеңіс Ермұқанов