Қоғам

“Үздік жас мемлекеттік қызметші” байқауы

 

Байқауға қатысуға 22 өтінім келіп түскен екен. Комиссия мүшелері олардың жазған эсселері бойынша 10-нын таңдап алған. Залдағы көпшіліктің назары, міне, сол 10 мемлекеттік қызметшіге ауған. Қызу бәсеке басталғалы тұр.

Мақпал Шибитованың мемлекеттік қызмет саласында жүргеніне 1-ақ жыл. Жас маман қобалжуын жасырған жоқ.

 

Мақпал Шибитова, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:

-Дайындық аз болды. Өйткені, білесіздер, мемлекеттік қызметшілердің жұмысы өте көп. Дегенмен, өзімді тек жақсы жағымнан көрсетемін деген ойдамын.

 

Байқау үш кезеңнен тұрады. Олар: шығармашылық, дебаттық және интеллектуалдық блиц-тур деп аталады. Біріншісінде сайыскерлердің сөз сөйлеуіне 5 минуттан беріліп, 5 ұпаймен бағаланатын болды. Көбінің тиянақты дайындалғанын байқадық. Өздері туралы өлеңдетіп айтып берді, бейнематериал да әзірлеп әкелген. Ал, кейбіреуінің, қазақшасы тіпті нашар. Қызылжар ауданы әкімі аппаратының бас маманы Зәуреш Жиенбаева ана тілінде еркін сөйлесе де, сұхбатқа өз ойымен орыс тілінде бөлісуге келісті. Оның бір ерекшелігі – өзге сайыскерлердің арасында Зәуреш қана қазақтың ұлттық киімін киіп келген.

 

Зәуреш Жиенбаева,Қызылжар ауданы әкімі аппаратының бас маманы:

-Мен – қазақтың қызымын. Сонымен мақтанамын. Бүкіл Қызылжар ауданының атынан келіп отырғаннан кейін байқауға тыңғылықты дайындалдым. Сайыста жеңуге еліме деген патриоттық сезім септігін тигізеді деген ойдамын.

 

Мұндай сайыстың мемлекеттік қызмет сапасын жоғарылатуда маңызы зор.

 

Мұрат Қадырбек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

-Бұл байқаудың мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру, олардың имиджін көтеру, сонымен қатар, мемлекеттік органдардағы корпоративтік мәдениеттің беделін жоғарылату болып табылады.

 

Бұл – бүкіл сынның бел ортасы ғана. Осыдан сүрінбегендер әлі Қостанай қаласында өтетін республикалық байқауда сайысады.

 

Данаш Хамзина