ТКШ

Жаңа пәтерлердің кілттерін ешкім тартып алған жоқ

 

Жеңіс көшесі, 4-“6” мекен-жайындағы көпқабатты үй 55 пәтерлі. Баспаналы болған тұрғындар кілтімізді ешкім тартып алған жоқ, кез-келген уақытта пәтерімізге келе аламыз дейді.

 

Татьяна Усольцева:

-«24 кз» телеарнасында біздерден пәтер кілттерін тартып алды деген ақпарат көрсетілгендігін маған туыстарым айтты. Бірақ шындығында олай емес. Мереке қарсаңында табысталған пәтеріміздің кілті осы уақытқа дейін өзімізде болды.

 

Юлия Поротикова:

– Біздің қоныс тойын атап өтпей жатқан себебіміз – үй орнына тұру керек. Өйткені жаңадан салынған ғимараттар қашан да отырады. Қазір пәтерімізге келіп кетіп қана жүрміз. Баспана кілті өзімізде жүр.

 

Шу көтеретіндей ешқандай мәселе жоқ дейді қалалық әкімдіктегілер де. Олар әдеттегідей құжаттар рәсімделіп жатқандығын айтты.

 

Алма Құдабаева, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi:

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тұрғындар кілттерін алып, дәл сол күні өз пәтерлерін көріп, қуаныштарымен бөлісті. Негізі заң бойынша тұрғындардың несиеге алған пәтерлеріне ақша төлей алатындығы тексерілді. Бұдан кейін қажетті барлық құжаттар толығымен рәсімделді.

 

Заң бойынша қажетті құжаттарды рәсімдеу керектігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалының өкілдері де айтуда.

 

Бәтима Қажырақымова, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Пәтерге ие болған азаматтар құтты қоныстарына неге қонбай отыр? Бар мәселе – бірінен соң бірі жалғасқан мерекелік, демалыс күндері үйдің техникалық паспорты, сату-сатып алу құжаттары рәсімделмеді. Осы аяқталған соң тұрғындар пәтерлеріне қоныстанады. Бұл әдеттегі жағдай ғой.

 

Сонымен қатар баспана иелерінің көпқабатты үйдің сапасына да айтар уәждері жоқ. Бәріне көңіліміз толады дейді олар. Бүгінде баспаналы болғандарына қуаныштарын да жасырмады.

 

Құралай Жандильдина:

– 14 желтоқсан облыс әкімі үйдің кілтін табыстады.Өтке қуаныштымын, үй алдым.

 

Көпқабатты үй “Қолжетімді баспана-2020” бағдарламасы аясында салынды.

 

Бану Ахметова