Мәдениет

Қалалық жағажайда Крещение мейрамына әзірлік жүріп жатыр

 

Петропавлдық православ дініндегілер биылғы Крещение мейрамын жылдағы дәстүр бойынша Есіл өзенінде тойламақ. Қазір қалалық жағажайға баратын жол аршылып, өзен үстіндегі қар тазаланып жатыр. Ол жұмыстарды коммуналдық шаруашылық пен Қазақстан халқы ассамблеясының “Русская обшина” бірлестігі өкілдері жүргізуде.

 

Николай Авдеев, “Руская община” бірлестігінің СҚОФ жетекшісі:

-Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мұзды тексеріп шықты. Бұл жерде суға түсетін 4 ойық жасалады. Сондай-ақ осы маңнан су алуға арналған 7 крест оямыз. Діни рәсім таңғы 8-ден кешкі 10-ға дейін өткізілмек.

 

Бұл күні мерекені атап өтуге жиналатындардың қарасы қалың. Ал Есіл өзенінің ортасындағы мұз қабаты болса, не бары 15 сантиметрді құрайды. Ол суға түсуге келгендер үшін қауіп тудыруы мүмкін. Оның үстіне мұздай суға үйренбеген ағза да аяқ астынан сыр беруі ықтимал. Сондықтан мейрамды атап өту кезінде жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметтері бар күшті ойық басына жұмылдыруды жоспарлап отыр.

 

Сергей Черкасов, СҚО ТЖД  2-разрядты суда құтқару станциясының басшысы:

-Крещение мейрамын қауіпсіз атап өту үшін суға түсіп шығысымен, бірден денені орамалмен сүртіп, құрғақ киім кию қажет. Суға арнайы жерлерде ғана түсу керек, әрі мұз үстіне адамдардың көп шоғырлануына тосқауыл қойылады. Оның бәрі сақтық шаралары үшін қажет.

 

Осы қыс теріскей халқы үшін жылылығымен ерекшеленіп отыр. Алайда ақ ұлпа жерге түскелі облысымызда 5 рет төтенше жағдай жарияланған. Ол күннің күрт суытуы, қатты жел тұрып, боран көтерілген кездер. Ауа райын болжау орталығы таратқан ақпардың еш кеткені жоқ.

 

Рүстем Жұмағалиев, СҚО ТЖД бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызмет басқармасының басшысы:

-Мәселен желтоқсанның 14 мен 16 аралығында облыс көлемінде екпіні секундына 30 метрге жететін қатты жел тұрып, боран болатындығы туралы ақпарат түсті бізге. Сондықтан өңір халқының сақтығын қамтамасыз ету үшін «Кар-Тел», «Кселл», «Теле-2» операторлары арқылы 515 мыңға жуық абоненттердің ұялы телефондарына СМС хабарламалар таратылды. Алайда ескертуге қарамай жолға шығып, қиындыққа тап болғандар да бар. Олардың бәріне дер кезінде көмек көрсетілді.

 

Табиғаттың тосын мінезін толыққанды бағдарлау адамзат баласының еркінен тыс. Десек те қандайда бір оқыс оқиғаның алдын алуға өңір құтқарушылары сақадай-сай. Бірақ сақтансаң сақтармын деген қағиданы естен шығармаған жөн.

 

Самат Есмағи