Білім

Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде

 

 

“Береке” шағын ауданында салынып жатқан химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы 2012 жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Ғимараттың жұмысына ел қазынасынан 3,5 млрд теңге бөлінген екен. Бас мердігер “Ария-жаңа Астана” ЖШС нысанды уақытынан кешіктірмей тапсыруды жоспарлаған.

 

Төлеген Мамедалиев, “Ария-Жаңа Астана” ЖШС СҚОФ директоры:

-Жұмыстың 65 пайызы орындалды.

 

Жұмыс қызу жүріп жатыр. Нысанның құрылысы басталғалы 500 жұмыс орны ашылған. Дәл қазір мұнда 12 техника мен 150 құрылысшы еңбек етуде. Бүркебай Шопанов – серіктестіктегі тәжірибелі бригадирдің бірі. Болашақта балалар білім нәрін сусындайтын нысанның құрылысы – асқан жауапкершілікті талап етеді дейді ол.

 

Бүркебай Шопанов, “Ария-Жаңа Астана” ЖШС СҚОФ бригадирі:

– 2 жыл болды жұмыс істеп жүргеніме, күннің суығына қарамастан жұмыс істеп жатырмыз.

Ғимараттың сыртқы құрылысы аяқталған. Қазір нысанға жылу мен су тартылып жатыр. Жол мәселесі де мектеп жұмысын бастағанша толығымен шешіледі дейді мұндағылар.

 

Владимир Витченко, “Нұр Отан” партиясы СҚОФ партиялық бақылау бекетінің басшысы:

– Ғимараттың құрылысы басталғалы «Нұр Отан» партиясының өкілдері жұмыстың басы-қасында жүр. Бір кездері 20 мың тонна құм қажет болған еді. Қазір мәселе шешілді. Қала әкімі жәрдемдесіп, құм жеткізілді. Сәуір айында мектептің маңайында абаттандыру жұмыстары басталады. Бастысы жаңа тас жол тартылады.

 

Назарбаев зияткерлік мектебі үстіміздегі жылдың қыркүйек айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар мұнда балаларға арналған 120 орынға шақталған жатақхана да ашылмақ.

 

Бану Ахметова