Құқық қорғау органдары

Адам жоғалса, бірден полицияға хабарласу керек

 

Із-түссіз жоғалған тұлғаларды анықтау жұмыстарымен облыстық ішкі істер департаментіндегі криминалдық полиция басқармасының іздестіру бөлімі айналысады. Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, жыл сайын ер адамдардың ізім-ғайым жоғалу фактілері жиірек кездеседі. Мысалы, өткен жыл бойына 200 ер адам үйіне қайтпаған.

 

Оксана Единцова, СҚО ІІД КПБ криминалдық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі:

-Хабарсыз кеткен азаматтардың негізгі бөлігін ішімдікке салынған жандар, қаңғыбастар мен Ауыртау ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжінің тәрбиеленушілері, тұрмыс қауқары төмен отбасыларының балалары құрайды.

 

Көбінесе хабарсыз кететіндердің арасында аға буын өкілдері, түрлі психологиялық күйзеліске тап болған жандар, қылмыста жапа шеккендер жиі кездеседі. Сонымен қатар, малшы, аңшы, балықшылардың да жоғалып кететіні бар.

 

Оксана Единцова, СҚО ІІД КПБ криминалдық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі:

-Барлығы жыл басынан азаматтардың хабарсыз кеткені туралы 509 арыз түсті. 340 азамат бір тәуліктің ішінде табылды. Бұл азаматтарға қатысты іздестіру ісі қозғалған жоқ. Ал 169 адамға қатысты іздестіру ісі қозғалып, кейін хабарсыз кеткен 155 адамның жүрген жері анықталды.

 

Жақын-туысқандарыңыз үйге келмесе, телефоны жауап бермесе, болмаса орман арасында адасып кеткен жағдайда бірден полицияға хабарласқан абзал. Дер кезіндегі ақпарат тәртіп сақшыларына жоғалған тұлғаның байланыстарын, барған жерлері туралы мәліметті жинап, куәгерлерді сұрастыруға мүмкіндік береді. Облыстық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасы іздестіру бөліміне 39-41-79, 39-41-78 телефон номерлері арқылы хабарласуға болады.

 

Гүлмира Шоқтыбаева