Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа механизмдері

Жуырда ғана құрылған облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің үшінші отырысында 2 мәселе қаралды. Алдымен бизнес қауымдастықтарына аккредитациядан өткендіктері жөніндегі куәліктер тапсырылды.

 

Александр Казанцев, СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі:

– Бұл біріншіден, барлық бизнес қауымдастықтарды бір мүддеге біріктіріп, ортақ істерінің бекуіне жол ашады. Әрбірі өз өкілін кеңес мүшелігіне сайлау мүмкіндігіне ие. Ол ондағы мәселелерді ортаға салады. Сондай-ақ қызметкерлер бизнесті тиімді жүргізу бойынша оқытылады. Заңдар және ондағы өзгерістер жайында хабардар болады.

 

Палата құрамына қабылданған кез-келген кәсіпкерлік субъектісі жоғарыда аталған басымдықтарды пайдалануға құқылы. Ұйымға мүшелікке кірген 4 заңды тұлғалар бірлестігіне осыны растайтын құжат салтанатты түрде тапсырылды. Ондай куәлікке алғашқылардың бірі болып сауда-өнеркәсіп палатасы қол жеткізді. Бүгінде аталмыш ұйымның өзіне 70-тен артық шағын, орта және ірі бизнес нысандары мүшелік етеді.

 

Камиль Мұхамедов, СҚО сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:

– Бұл өз ойларымызды сәтті жүзеге асырудың таптырмас жолы. Нормативтік актілерді сараптауға қатыса аламыз. Әр қауымдастық кәсіби тұрғыдан топтасады. Олардың өзге де салалар бойынша мәселелері баршылық. Әрбірінің проблемасы өзіміздікіндей бірігіп шешіледі.

 

Сондай-ақ отырыста салалық сараптау кеңестері құрылды. Олардың саны жетеу. Кеңес мүшелері әрбірін жетелей алатын төрағаларды таңдады.

 

Жеңіс Ермұқанов