Қоғам

Былтыр өңір табиғатына 80 млн теңгенің залалы келтірілді

2013 жылы ең ірі көлемдегі әкімшілік айыппұл – 11 млн теңгені өңір экологтары Тайынша ауданындағы “Тайынша” мемлекеттік коммуналдық мекемесіне салыпты. Сарқынды суды бұру қызметімен айналысатын серіктестіктің су жинағыш тоғанды пайдалануға рұқсаттамасы болмаған. Бұл заң бұзушылық арнайы тексерістің нәтижесінде анықталып отыр. Жалғыз бұл мекеме ғана емес, облысымыздың өзге аудандарындағы табиғатты пайдаланушылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

Әлібек Бекмұхаметов, СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

-Көп ауылдық жерлерде қоқыс төгетін полигондар заңды түрде дайындалмаған. Экологиялық талаптарға сай келмейді. Біз тексерген Сергеевка қаласы мен Мамлют қаласы.

 

Өңір экологтары өткен жылы жер асты пайдалы қазбаларын өндірудің заңдылығын анықтау жобасын дайындап, осы бағытта рейдтік шаралар да жүргізген. Нәтижесінде эколог мамандар заңсыз әрекет еткен 6 табиғатты пайдаланушының жұмысын тоқтату туралы экономикалық сотқа арыз түсіріпті. Тиісті тексерістер қоқыс төгетін жерлерде де жүргізіліпті. Нәтижесінде өңірдегі тұрмыстық қалдықты төгетін 620 полигонның тек 10-ында ғана рұқсатнама болған.

Былтыр өңір экологтары барлығы 391 табиғат пайдаланушыны тексеріпті. Сөйтіп, 771 әкімшілік құқық бұзу фактісі анықталған. Нәтижесінде оларға 41 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

 

Әлібек Бекмұхаметов, СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– Мал шаруашылығы бойынша да тексерістер жүргізілді. Көбісінде рұқсатнамасы жоқ.

 

2014 жылдың бірінші жартыжылдығында өңір экологтары 145 табиғат пайдаланушыны тексеруді жоспарлаған.

 

Бану Ахметова