Денсаулық сақтау

Облыс әкімі қаладағы емдеу мекемелерін аралады

 

Емханалардағы кезек – үйреншікті жайт. Оны бірінші қалалық емдеу мекемесінен де көруге болады. Жағдайды өз көзімен көрген өңір басшысы петропавлдықтардан дәрігер қабылдауына кіру қаншалықты қиындық тудыратынын сұрап білді.

Бірінші қалалық емханаға тіркелген азаматтар саны 50 мыңның үстінде. Оларды қабылдаумен 23 учаскелік дәрігер айналысады. Өңір басшысы мамандардың жұмыс кестесі қаншалықты сақталатынын сұрап білді. Емханада кадр тапшылығы жоқ.

Облыс әкімі күндізгі емдеу бөлімінің жұмысымен де танысып шықты. Стационар 30 орынға шақталған. Бұл жерде жылына 700-ге жуық адам сапалы мединициналық ем-дом қабылдайды екен. Самат Ескендіров сондай-ақ емдеу мекемесіндегі физио және узи кабинеттерінің жағдайымен танысып, науқастардан медициналық қызметтің қаншалықты сапалы көрсетілетінін де сұрап білді.

Самат Ескендіровке офтальмологиялық кабинет те көрсетілді. Ол соңғы үлгідегі қондырғылармен толық жабдықталған. Дәрігерлер заманауи аппараттар көздегі қан қысымын өлшеуге және сырқаттың алғашқы белгілерін анықтауда мол мүмкіндік береді дейді.

Емдеу мекемелеріне жасаған жұмыс сапары барысында өңір басшысы №3 қалалық емханаға да ат басын тіреді. Ондағы балалар бөлімінде балғындардың денсаулығын қадағалаумен 15 учаскелік педиатр айналысады. Бұл жерде Самат Ескендіров сондай-ақ физиотерапиалық бөлімнің де жұмысымен танысып шықты. Ол да соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мәселен мына аппарат бір мезетте магниттік, лазерлік, ультрадыбыстық және тоқпен төрт бірдей терапияны жүргізуге мүмкіндік береді екен.

Жалпы үшінші қалалық емханаға тіркеуге алынған тұрғындар саны 64 мыңның үстінде. Оларға 73 дәрігер медициналық көмек көрсетеді екен.

 

Самат Есмағи