Құқық қорғау органдары

Баланы соғып кеткен жүргізуші табылды

Оқыс оқиға 8 қаңтар кешкі сағат 5 шамасында Петропавлдың Жұмысшы кентіндегі Зоя Космодемьянская көшесінің бойында орын алды. Суға бара жатқан 11 жасар баланың кенеттен мұзға аяғы тайып, жолда келе жатқан «Газель» автокөлігінің астына түседі. Оқушының айтуынша орта жастағы ер адам көліктен шыға сала ауруханаға апару керектігін айтады. Бірақ, бала медициналық көмектен бас тартқасын, жүргізуші өз жөнімен кете барған. Алайда, көп ұзамай, оқушының аяғындағы жарақаттары сыр беріп, бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.

Жол-патрульдік полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының барысында оқиғаға қатысты жүргізуші ұсталды. Ер адам жол-көлік апатын мойындап отыр. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, әкімшілік сотқа тапсыру үшін материал жинастырылуда.

Өткен жылдың 12 айында облыс жолдарында балалардың қатысуымен 56 жол-көлік апаты орын алған. Салдарынан 3 бала көз жұмса, 60-сы түрлі дене жарақаттарын алған.

 

Самат Есмағи