Қоғам

2013 жылы өңірде ардагерлерді қолдауға 140 млн теңге бағытталды

Қазіргі таңда өңірімізде 94 мыңға тарта зейнеткер тұрып келеді. Оның 364-і ҰОС ардагерлері болса, 15 мыңнан астамы тыл еңбеккері. Бүгінде аға буын өкілдерінің бірқатары көмекке мұқтаж. Сондықтан жыл сайын өңірде дәстүрлі түрде қайырымдылық сенбілігі өткізіліп тұрады. Өткен 2013 жылы осындай 2 игі шара ұйымдастырылып, 140 млн теңге жиналған.

Осы күні алдыңғы толқын өкілдерінің дені зейнетақыларына қарап отыр. Биыл оның мөлшері 9 пайызға артты. Өңірдегі құрметті демалысқа шыққан жандардың 80 пайызының зейнетақысы 34-37 мың теңге шамасында.

Бүгінгі күні өңіріміздің әр ауданы мен ауылдарында бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олардың саны – 727. Ардагерлер Елбасының жыл сайынғы жолдауын насихаттауға өз үлесін қосуда.

Жаңа басталған жылқы жылында облыстық ардагерлер ұйымы өзінің 27 жылдығын тойлайды. Аға буын өкілдері алдағы жоспарларын да айқындап қойыпты. Ол – ең алдымен ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, бастауыш ұйымдардың материалдық базасын нығайту.

 

Бану Ахметова