Қоғам

Шетелде білім алып жатқан жастар көп

 

Шет елдерде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны жыл санап артып келеді. Әсіресе Лос Анджелес қаласында қазақ жастарының қатары қалың. Сондай жалынды жастардың бірі Мирас Рахметов. Оның Лос Анджелестегі университеттің бірінде білім алып жүргеніне 1 жылдан асыпты.

 

Мирас Рахметов, LGIC университетінің студенті:

– Әрине Қазақстан туралы сағыныш болады, біздің жиналыстарымыз Қазақстанға арналады, Қазақстанды есіңе алу, біздікілерді көргенде өз отаныңды сүйген сияқты боласың.

 

Америка Құрама Штаттарының Лос Анджелес қаласында шамамен 150 отандасымыз тұрып келеді. Олар шет елде білім алумен қатар қазақтың салт-дәстүрлерін де берік ұстанады екен. Бос уақыттарында жігіттер мен қыздар «Қара жорға» биін билеп, қазақтың қара домбырасын күмбірлететін көрінеді. Өткен жылы баршасы «Наурыз» мерекесін сән-салтанатымен атап өтіпті. Алдағы уақытта да Лос Анджелестегі қазақ жастары ұлттық мерекелерді бірге атап өтуді дәстүрге айналдырмақшы.

 

Мирас Рахметов, LGIC университетінің студенті:

– Наурызда біз жиналдық, Беверли хилстың паркінде,  онда 50-ден аса қазақ жиналып, қазақтар домбыра алып келіп, өлең айтатын дарынды қыздар жиналды. Әрбір қазақ тамақ алып келіп, барбикю істедік, «Қара жорға» билеп, осы Наурызда жиналған қазақтар сондай жақындасып кеттік те, содан кейін тағы да пляжда жиналдық.

 

Шалғайда жүрген отандастарымыз сапалы білім алумен қатар, туған елдерін ұмыт қалдырмауға тырысады. Баршасының арманы – еліміздің туын көкке көтеріп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен тілін шетелдерде кеңінен насихаттау болып табылады.

 

Бақыт Сәдуақасов