Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі христиандарды Рождество мерекесімен құттықтады

Бақыт Садуақасов, тілші:

– 6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні әлем православтықтары Рождество мерекесін қарсы алады.Бұл мереке христиан күнтізбесі бойынша маңызды мерекелердің бірі болып саналады.

 

Надежда Грецкова мереке күні шіркеуге немерелерін ертіп келген. Өйткені, Рождество отбасының ерекше қасиет тұтатын діни мейрамдардың бірі. Сондықтан, жерлестеріміз діни мерекенің барлық тәртіптерін қатаң ұстанады.

 

Надежда Грецкова, қала тұрғыны:

-Бүгін Рождество мерекесіне немерелерімді ертіп келіп отырмын. Отбасымызда бұл мерекені жыл сайын міндетті түрде атап өтеміз. Рождество мерекесі дінді берік ұстауды талап етеді, енді міне немерелеріме де бұл мерекенің жоралғыларын үйретудемін.

 

Мерекеге орай шіркеуде ерекше көңіл-күй сезіледі. Әр жерден мейрамның белгісі – жасыл шыршалар орын тепкен. Бұл шексіз өмір мен бейбітшілік, бақыттың белгісі. Рождествомен православ дініндегі жерлестерімізді облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті солтүстікқазақстандықтар, сіздерді шын жүректен Рождество мерекесімен құттықтаймын. Бұл шын мәнінде қайырымдылық пен жақсылықтың нышанына толы мерекелердің бірі саналады. Біздің кең-байтақ Қазақстанымызда тұратын барша дін өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты да осыған саяды. Барша православ сеніміндегі солтүстікқазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтағым келеді. Отбасыларыңа амандық, саулық, барша жақсылықты тілеймін.

 

Бұл күні мерекелік құттықтауларын Петропавл және Булаев епархиясының еспископы Гурий де жолдады. Ол петропавлдықтарды мерекелік ғибадатқа бастады. Бір-біріне деген жылы лебіздерін мерекелік түні православ сеніміндегі жерлестеріміз де жеткізуге асық. Олар жақындары мен туыстарына Рождество мейрамымен келген жаңа жылда жақсылық атаулыны тілеп жатыр. Православ сеніміндегі христиандардың баршасы үшін Иса пайғамбардың өмірге келген күнін атап өту – көпжылдық дәстүр.

 

-Біз бүгін Рождество мерекесіне отбасымызбен келіп отырмыз. Әрқашан да маңызды мерекені жақын туыстарымызбен берге атап өтеміз.

-Барша православтықтарды осы мерекемен құттықтаймын. Рождество христиандардың маңызды мерекелерінің бірі. Бізде бұл күні барша адамдар бір-біріне қонаққа барып, игі тілектерін білдіріп жатады.

-Осы жылда жасалған кемшіліктерім болса, құдайдан кешірім сұраймын. Қазіргі жастар мерекені ұмыт қалдырмай дәстүрді сақтап жүрсе деп тілеймін. Бастысы дінге берік болып, оның ережелерін сақтаған дұрыс.

 

Бұл діни мейрамның тарихы Иса Пайғамбардың дүние келгені туралы аңыздан бастау алады. Барша діндестерін өз артынан ерткен ол Вифлеем атты шағын қалада өмірге келген. Бүгінде Рождество мейрамы әлемнің 100-ден астам елінде мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Біздің елімізде бұл күні демалыс жарияланған.

 

Бақыт Садуақасов