2013 жыл ерекше шаттыққа бөлеген жанұялардың бірі- Жақыповтар отбасы. Олар биыл көптен күткен пәтерге қол жеткізді. Димаш та оның жұбайы- Галина да балалар үйінің тәрбиеленушілері. Бүгінгі таңда өздері 4 бүлдіршінді тәрбиелеп отыр. Бұрын үлкен отбасын құрып, баспаналы болуды аңсаған жандардың арманы ақиқатқа айналды. Тәуелсіздік күні қарсаңында олар жаңа пәтер кілтін алып, қоныс тойын атап өтті. Мемлекеттің зор қолдауын сезінген жас отбасы елімізде қолға алынған осындай тың жобаларға дән риза.
Димаш Жақыпов:
-Үкімет тарапынан жас отбасыларды қолдауға арналған осындай бағдарламалардың болғаны жақсы. Өйткені біз 7 жыл пәтер жалдап, көшіп- қонып жүрдік.Оның үстіне мен жалғыз өзім жұмыс істеймін. Әйелім балаларымды бағып, үйде отырады. Сондықтан біздің жағдайымызды түсініп, бізге пәтер кілтін сыйлаған облыс басшылығына, Елбасымызға алғыс айтқым келеді. Енді міне өз баспанамыз бар. Келесі ретте болашаққа одан да зор жоспарлар құрып, соларды іске асыруға тырысамыз.
Өз үйім өлең төсегім. Жаңа үйдің қонақ бөлмесінде жас отбасы шырша құрып, оларға қуаныш әкелген 2013 жылды қалай шығарып салып, жаңа 2014-ті қалай қарсы алатындықтарын ойластыруда.
Галина Жақыпова:
-Осы жаңа жылды біз өз үйімізде қарсы аламыз. Мен өте қуаныштымын. Өйткені бұл менің баспанам.Сондықтан ерекше сүйіспеншілікпен ас әзірлеп, өз баспанамызда жаңа жылды үлкен жанұя болып қуанышта қарсы аламыз.
Әрбір отбасында сияқты Жақыповтардың да жаңа жылдық мерекені тойлау дәстүрі бар.
Галина Жақыпова:
-Біз хашлама әзірлейміз. Өйткені достар көптеп келеді. Олардың барлығы және жұбайым бұл тағамды жақсы көреді.Тағы манты, голубцы әзірлейміз. Сосын жыл сайын дәстүрлі түрде желтоқсанның 30-нан 31-не қараған түні Димашпен бірге отырып, көп қылып тұшпара жасаймыз.
Айта кету керек, биыл облыс бойынша “Қолжетімді баспана- 2020” бағдарламасы бойынша 65,7 мың шаршы метр баспана салынып, халық игілігіне 594 пәтер тапсырылды. Жалпы жыл бойына өңірімізде 113 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, облыс орталығында Набережная-Победа көшелерінің қиылысында 55 пәтерлі және Досмұхамбетов көшесінде жас отбасыларына арналған 75 пәтерлі коммунладық жалдамалы баспаналар иелерін тапты.
Мағжан Ахмадина