Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Өткен жылдың күзінен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы еліміздің бірқатар өңірлерінде ашылған. Ондай мүмкіндікке солтүстікқазақстандықтар да ие болды. Орталық жұмысы шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жатқандар мен өз ісін енді бастағандарға кәсіпкерлік жайында тегін ақыл-кеңестер беруге бағытталған. Оның қарапайым халық үшін пайдалы екендігі сөзсіз деп атап көрсетті салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі.

Аталмыш орталықтың ашылуына “Даму” қоры мұрындық болған. Ондағы мақсат – өз ісін ашқан азаматтарға бизнесті жүргізуде түрлі аспектілер бойынша тегін кеңес беру.

 

Ләззат Ибрагимова, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрайымы:

-Кәсіпкерлікті дамытуға бүгінде Үкімет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінуде. Бұл ретте түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жүзеге асырылып жатыр. Ал олардың тиімділігін халыққа түсіндіруде аталмыш орталықтардың пайдасы зор. Сонымен қатар алдағы уақытта аталмыш орталықта кәсіпкерлер үшін біліктілікті арттыру курстары, бизнес негіздерін оқытатын тегін семинарлар да өткізілетін болады.

 

Бұдан соң салтанатты түрде жаңа нысанның таспасы кесілді.

Орталық қызметі “бір терезе” қағидаты бойынша жүргізіледі. Ол жерден шағын және орта бизнеске қатысты кез-келген сауалыңызға жауап алуға мүмкіндік бар. Бұл ретте сізге осындағы 12 менеджер кез-келген ақпаратты тегін береді. Нысан ішін аралаған өңір басшысы бұл жерде менеджерлермен әңгімелесіп, олардың міндеттерінен құлағдар болды.

Аталмыш орталықта облыс әкімі Самат Ескендіров пен “Даму” қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жергілікті бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барасында “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі жөнінде әңгіме өрбіп, ондағы көзделген мақсат тұрғысындағы ойлар ортаға салынды. Кездесу  “Алтын сапа” республикалық байқауына қатысқан солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді марапаттаумен аяқталды. Онда 11 жерлесіміз ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрінің алғыс хатын иеленді. Солардың бірі Айдарбек Қалдыров.

Бүгінгі таңда өңірімізде 22 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар. Ал жаңадан ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы олардың жұмысын одан әрі арттырып, қатарларын толықтыруға мүмкіндік берері сөзссіз.

 

Нелли Кукушкина, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

-Орталықтың кәсіпкерлер үшін пайдасы зор. Олар бұл жерден өз істеріне қатысты кез-келген ақпарат пен ақыл-кеңесті тегін алу мүмкіндіктеріне ие. Сондай-ақ мұндағы мамандар әр тұрғынға бизнеске қатысты түрлі мемлекеттік бағдарламалардың да жәй-жапсарын түсіндіріп береді. Ол өз ісін ашамын дегендерге айтарлықтай көмек болады деп ойлаймын.

 

Мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуда ниет сізден, қолдау бізден деп отыр. Ал одан нәтиже шығару тек өзіңізге байланысты.

Самат Есмағи