Қоғам

Жаңа жылға әзірлік

 

 

Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл солай өтеді деген халықта ұғым қалыптасқан. Сондықтан болар мерекелік дастарқан мәзірін күні бұрын ойластырған жөн. Жылқы жылын қарсы алатын болғандықтан, табалдырықтан аттаған қамбар ата төлін үркітіп алмау керек. Осыны ескерген өңір аспазшылары мерекелік дастарқанға жылқы етін қоймауға кеңес береді. Тамақты құс етінен әзірлеген дұрыс. Өйткені ол жеңіл, әрі пісіруге де көп уақыт кетпейді. Сонымен қатар дастарханға көкөністерден әзірленген салаттар мен жеміс-жидекті молынан салған дұрыс.

 

Сайран Хамзин, СҚО рестораторлар мен отельерлер ассоциациясының төрағасы:

-Келе жатқан 2014 жыл жылқы жылы болғандықтан таға бейнесіндегі тағамдар мен дастарқанға икра қосылған нанды әзірлеуге болады. Әдемі әрленген түрлі салаттар мен жеміс-жидектер дастарқаныңыздың көркін одан бетер аша түспек. Жаңа жылдық тағамдарды көңіл бөліп әзірлесеңіз, астарыңыздың дәмді болатынына сенімдімін.

 

Жаңа жылда адамдар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, жақын туыстары мен дос жарандарына сыйлық тартуды әдетке айналдырған. Психолог мамандардың айтуынша, мереке күні сыйланатын кәдеңіз міндетті түрде арнайы қорабшаға салынған болуы тиіс. Бірақ есте сақтайтын бір нәрсе сыйлықты тарту етпес бұрын, жақын адамдарыңыз мереке күні қандай дүниені қалайтынын біліп алған жөн.

 

Павел Моисеев, Бірінші жалпы білім беретін лицейдің психологы:

-Сыйлықты сатып алмас бұрын жақындарыңыз бен достарыңыздың атқаратын қызметі мен өмір сүру салтын еске түсірген дұрыс. Барлығын алдын ала сатып алыңыздар. Сый-кәделердің ішінде әсіресе келе жатқан жылдың бейнесі бар атрибуттар мен тас, мәрмәр мүсіндер үлкен сұранысқа ие.

 

Жаңа жылдағы мерекелік кештің тағы бір маңызды бөлігі ол – киім. Қаламыздағы белгілі сәнгер Гүлнара Жансарина келе жатқан жылда көк не болмаса жасыл түсті киімдерді киюге кеңес береді. Дегенмен мереке күні қара, сұр, ақ және күрең түстілерін де таңдауға болады.

 

Гүлнара Жансарина, сәнгер:

-Жылқы маңғаз жануар болғандықтан салтанаттылықты жақсы көреді. Киім табиғи матадан жібек, жүн және барқыттан болғаны дұрыс. Түрлі жасанды киімдерді алудың мүлде қажеті жоқ. Ал шашты сәндеу үлгісіне келер болсақ, жылқының жалындай сәнді шаш үлгісі жаңа жылдық мерекелерде адам көркін ажарландыра түспек. Сондықтан қыз-келіншектерге шашты сәндеуге баса назар аударған жөн.

 

Жаңа жылды қалай қарсы алсаңыз жыл бойын солай өткізесіз. Сондықтан мереке күні көңіл көтеруді де ұмытпаған жөн.

 

Бақыт Сәдуақасов