Құқық қорғау органдары

Петропавлда қаржы полициясы басшысының бірінші орынбасарын белгісіз біреулер атып кетті

 

Солтүстік Қазақстан облыстық экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшының бірінші орынбасары Жандос Ахметов қылмыскердің қолынан қаза тапты. Оны белгісіз адам атып кеткен. Бірнеше мәрте атылған оқтың бірі басына тиіпті.

Желтоқсанның 24-і кешкісін Жандос Ахметов 12 жасар ұлымен сырттан үйдің подъезіне енеді. Баласы баспалдақпен жүгіріп үстіңгі қабатқа көтеріліп кеткен шақта белгісіз біреу полиция майорына бірнеше мәрте оқ атып, артынша ізін суытқан. Оқиға орнына шұғыл жеткен тергеу тобы сол маңды қоршауға алып іздестіру шараларына кіріскен. Алайда әлі оқиғаны көрдім-білдім деген куәгер жоқ. Марқұм облыстық қаржы полициясы басшысының бірінші орынбасары қызметіне үстіміздегі жылдың наурызында тағайындалған. Оның қарауына тергеу және сотқа дейінгі өндіріс мәселелері жатқан. Қазір Жандос Аликұлының өліміне оның лауазымы қатыстығының бар-жоғы анықталу үстінде.

Қаржы полициясы майоры Жандос Аликұлы 1972 жылы туған. Қазір марқұмның артында жұбайы мен екі ұлы қалды.

 

Самат Есмағи