Мектепке дейінгі тәрбие ошақтары, мектептер мен арнайы техникалық білім беру мекемелерін мемлекеттік аттестациядан өткізу осыдан 10 жыл бұрын басталған. Мақсат – аталмыш нысандардың материалдық-техникалық базасын тексеріп, онда балалардың толыққанды білім алуларына қаншалықты жағдай жасалғанын анықтау.
Татьяна Гапчич, СҚО білім беру саласындағы бақылау департаментінің бөлім жетекшісі:
-Мемлекеттік бақылау барысында бірінші кезекте білім ошақтары жағдайының стандартқа сәйкестігі тексеріледі. Ал ұстаздардың біліктілігі мен оқушылардың білімділігі екінші орында. Мұндай тексерістерден әр білім ошағы жоспарлы түрде 5 жылда бір рет өткізіледі. Ол білім заңында көрсетілген.
Кез-келген білім беру нысандарының жағдайы мемлекеттік талаптарға сай болуы шарт. Біздің өңірімізде бұл міндеттер осы жылы қаншалықты орындалды. Оны білім сапасын қадағалау департаментінің мамандары жоспарлы тексеріс барысында таразыға тартқан.
Татьяна Гапчич, СҚО білім беру саласындағы бақылау департаментінің бөлім бастығы:
-Биылғы жылы өңірімізде 111 білім беру ошақтарын тексерілді. Оның қорытындысы бойынша 67 мекеме аттестациядан өтсе, қалғандары әлі олқылықтарын оңалту үстінде.
Білім мекемелерінің аттестациядан өте алмауына бірінші кезекте оқушылардың білім сапасының төмендігі себеп болса, екінші қателіктері ол нысандардың жалпыға ортақ білім стандарттарына сай келмеуінде. Олқылықтарды оңалтуға бірінші кезекте білім ошақтары басшылары жауапты. Материалдық база мен білім сапасы тең дәрежеде болуы шарт.
Самат Есмағи