Білім

Математика пәнінің мұғалімі Гүлия Байжанова “Шапағат” медалімен марапатталды

 

 

Гүлия Байжанованың білім беру саласында еңбек еткеніне 32 жылдан асыпты. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” демекші, білікті ұстаздың шәкірттері қалалық және облыстық деңгейде өтетін олимпиадаларда математикадан жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Бала оқытудағы мұғалімнің көпжылдық табысты еңбегі бағаланып, тәуелсіздік күні мерекесіне орай ол “Шапағат” медаліне ие болды. Білікті ұстаз отан алдындағы адал қызметінің тиісті бағасын алғанына ризашылығын білдіруде.

 

Гүлия Байжанова, Облыстық ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың математика пәні мұғалімі:

– Облыс әкімінің қолынан осындай награданы алу мен үшін үлкен қуаныш. Бұл марапатқа тек менің ғана емес, барлық білім ошағы ұжымының еңбегі сіңді. Бүгінде мемлекет тарапынан білім саласына ерекше ден қойылуда, соның бір айғағы – күнделікті сабақ барысында заманауи технологиялардың ендірілуі қуантарлық жайт.

 

Тәжірибелі мұғалім ізденуден де шаршаған емес. Ұстаз әр сабағын қызықты өткізіп, тақырыпты ашуда заманауи технологияларды молынан пайдаланып, шәкірттеріне бар білген-түйгенін үйретеді.

 

Вера Григорьева, Облыстық ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы:

– Біз ұстазымыздың биіктерден көрініп, марапатқа ие болғанына қуаныштымыз. Ол кісі бізге мұғалім ғана емес, сонымен қатар анамыз десе де артық айтпаймын.

 

Данияр Арқаев, Облыстық ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы:

– Гүлия Антайқызы 5 сыныптан бастап бізге жетекшілік етеді. Ол өз ісінің маманы. Егер де оқуымды ойдағыдай аяқтасам, жоғары оқу орнына түсіп, математика саласына бет бұрармын.

 

Облыстық ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатта 179 бала білім алуда, олардың 26-сы биыл оқу ордасын тәмамдайтын түлектер. Оқу орны жыл сайын ҰБТ-ден жоғарғы нәтижелерге қол жеткізуде. Барлық түлектеріміз жоғары оқу орындарына түсіп, білімдерін жалғастыруда дейді директордың оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары.

 

Динара Ракишева, Облыстық ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат  директорының орынбасары:

-Мемлекетімізде білім саласына көп көңіл бөлінуде. Ұжымымыздың алды Гүлия Байжанованың “Шапағат” медалімен марапатталғанына қуаныштымыз. Біздің шәкірттерімізге де қамқорлық көрсетілуде. Жақында 9 тәрбиеленушіміз баспанаға ие болды.

 

1986 жылы негізі қаланған білім ошағында бүгінгі таңда 80-ге жуық ұстаз бен тәрбиеші оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеуде.

 

Бақыт Сәдуақасов