Құқық қорғау органдары

Борышкерлерді іздеу шарасы

 

Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері әкімшілік айыппұл төлемейтін тұлғаларды анықтау үшін рейдтерді жиі өткізеді. Әмбебап полицейлер, сот орындаушылары және прокуратура өкілдерінен құралған мобильдік топтар автокөлік иелері мен өзге де айыппұл төлеуден жалтарушылардың мекенжайларын тексереді. Бұл шара аудан орталығы Тайынша қаласында ғана емес, барлық ауылдық округтерде де жүзеге асуда.

 

Қалжан Жақыпов, Тайынша ауданы прокурорының аға көмекшісі :

– Мемлекет пайдасына айыппұлдарды төлету жөніндегі акция аудан прокурорының бастамасымен, сот орындаушылары және ІІБ қызметкерлерімен бірлесіп өткізіледі. Қазіргі уақытта айыппұлдардың 57 пайызы өтелмеген. Осыған байланысты аталмыш шаралар жиі ұйымдастырылуда.

 

Кезекті рейд нәтижесінде сегіз автокөлік иесі жалпы сомасы 69 000 теңгеден артық айыппұл  өтеген. Ал бір көлік айып тұрағына қамалды. Сондай-ақ, 50 борышкерге хабарламалар таратылып, оларға айыппұлдарын өз еркімен өтеуге мерзім берілді. Мұнымен қатар, мобильді топ Чермошнянка селосындағы мемлекетке қарызы бар серіктестік басшысымен кездесіп, қаражат өтелмеген жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту жасады.

 

Қожахмет Жақыпов, «СҚО САОД Тайынша аумақтық филиалы бөлімінің» жетекшісі, аға сот орындаушысы:

– Айыппұлдардың басым бөлігі жол жүру ережесін бұзу, қоғамдық тәртіпті сақтамау, салық берешегі бойынша кездеседі. Жиыны -500. Алдағы жоспарымыз борыштарды өтетіп, Жаңа жыл мейрамына дейін аудан бюджетін мүмкіндігінше толықтыру.

 

Әкімшілік полиция қызметкерлері мен құзырлы орган өкілдерінің бірлескен рейдтері жүйелі түрде өткізілетін болады.

 

Бақыт Сәдуақасов