Қоғам

“Коммунхоз” кәсіпорнының технигі “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды

 

 

Марат Мұқашевтың жұмыс күні таңғы сағат 8:30 басталады. “Коммунхоз” МҚКК технигі күніне орта есеппен 15 кәсіпорынды аралап шығады. Қызметтік міндеті – тұрмыстық қалдықты шығаруға өндіріс ошақтарымен келісімге тұру. Рұқсат берілген соң қоршаған ортаға тиетін залал үшін төленетін эмиссия құнын жинау.

 

Марат Мұқашев, “Коммунхоз” МҚКК технигі:

– Қоқыстың 1 тоннасына кәсіпорын 1364  теңге төлейді. Бұл оны қатты қалдықтар полигонына төгу үшін. Өтем тоқсан сайын жүргізіледі. 7 жыл бойы осы қызметте жүрмін. Өкінбеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Қаланың санитарлық тазалығын қамтып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімді қосып жүрмін.

 

Коммуналдық кәсіпорын 480 мекемемен осындай келісімге тұрыпты. Оның 60 пайызы Марат Мұқашевтың мойнында. Тәжірибелі маман зейнет засына келгенімен құрметті демалысқа шығуға асықпайды. Негізгі жұмыс ауқымын еңсерумен қатар жас әріптестерінен ақыл-кеңесін аямауға тырысады.

 

Қабиден Тұтқышев,”Коммунхоз” МҚКК директорының міндетін атқарушы:

– Абоненттік бөлімде 4 маман еңбек етеді. Жұмыстарына сын айта алмаймын. Келісімдер уақытымен орындалып, эмиссия жарналары үзілмей төленіп тұрады. Бұған ұжымды бір мүддеге жұмылдыра білетін Марат Мұқашевтің еңбегі мол.

 

Жалпы жыл басынан қала кәсіпорындарынан 44 мың тонна тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылған. Оны полигонға орналастырумен айналысатын кәсіпорынға бұдан 53 млн. теңге табыс түсіпті.

 

Жеңіс Ермұқанов