Спорт

Еркін күрестен VIII қалааралық турнир

 

КСРО спорт шебері Мәлік Мүрсәлімовтың құрметіне арналған 8-ші қалааралық турнирге барлығы   11 команда қатысады. 2 күн бойы ел балуандарымен қатар айырқалпақты қырғыз ағайындары да өзара күш сынастырмақ. Боз кілемде 160-тан астам палуан 10 салмақ дәрежесі бойынша белдеседі.

 

Қанат Садуақасов, АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

-Мәлік – біздің жерлесіміз. СҚО Мамлют ауданы, Бостандық ауылының тумасы. Кеңес өкіметі кезінде көптеген жарыстарға қатысып, осы еркін күрестен елімізге көп жеңістер сыйлаған спортшы. Осы жарысымызға Қырғызстаннан және Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай сияқты Қазақстанның бірқатар қалаларынан барлығы 163 мықты палуандар қатысады.

 

 

Еркін күрес жарыстарынан біздің облыс жастарының аяқ алысы жаман емес. Ернар Омаров түске дейін үш рет белдесіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. Енді ақтық кездесуде Қырғызстан Республикасынан келген спортшыны алып ұрып, тез арада жеңіске жетемін деп жұлынып тұр.

 

Ернар Омаров, Петропавл қаласы:

– Мен 35 келі салмақ дәрежесінде белдестім. 1-ші жекпе-жек 7-0 есебімен менің пайдама шешілді. 3 кездесуде де қарсыластарымның барлығын 7-0 есебімен ұттым. 1-ші қарсыласым Новокаменканікі болды. Соңғы 2 қарсыласым да менімен бірге интернатта оқитын палуандар. Енді Қырғызтан мемлекетінің спортшысымен ақтық сында кездесемін.Оны жеңсем ол ағайларым мен менің жеңісім болады.

 

10 салмақ дәрежесі бойынша палуан қыздарымыз да жігіттерден қалыспай белдесіп жатыр. Олардың барлығы да ұлттық құрама сапына енуге дәмелі. Айыртау ауданынан келген Мадина Жақсымбаева солардың бірі.

 

Мадина Жақсымбаева, Айыртау ауданы:

– Менің мақсаттарым биік. Соған жету үшін аянып қалмай, қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Келешекте елімнің намысын қорғағым келеді.

 

Жоғары ұлттық дәрежедегі төреші ұлттық спорт түріне деген қызығушылық жыл санап артып келеді дейді. Бүгінде әр ауданда 80-нен астам спортшы еркін күреспен мықтап айналысады екен. Оның басында 60 шақты жаттықтырушы жүр. Қалалық спорт интернатының өзінде 60 палуан бар бүгінде.

 

Орынбек Балағанов, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, СҚО:

-Жалпы балалар 2 күн бойы 4 белдесу өткізеді. Ертең жеңімпаздар медаль, грамота және арнайы кубокпен марапатталады. Ақтық белдесулер ертең өтеді. Былтырға қарағанда биыл қатысушылардың саны көп. Жеңімпаздар 10 салмақ дәрежесі бойынша қаңтар айында Краноярск қаласында жарысақталып жатқан құрамаға енеді.

 

Берік Қасен