Ауа райы

Жас қаламгерлер фестивалі

 

Фестиваль қала мен облыстың барлық аудандарынан келген 60-қа тарта жас қаламгерлердің басын қосты. Оқушылардың әрқайсысы бүгіннің өзінде ойларын қағаз бетіне түсіріп, мақалаларын газеттерде жариялап жүр. Солардың бірі Ақжар ауданынан келген болашақ тілші Айтолқын өз мектебіндегі “Жас қалам” ұйымының белді мүшесі. 10 сынып оқушысы мектепішілік іс-шараларды апта сайын қабырға газетінде жариялап тұрады. Мұнан бөлек аудандық “Дала дидары” газетіне мақалаларын ұсынып отырады. Айтолқын сүйікті ісін болашақта да жалғастыруға ниетті.

 

Айтолқын Райхан, Қарашілік орта мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:

– Жалпы өмірімді журналистика саласымен байланыстырғым келеді. Себебі журналистика мен үшін қызықты, бір жағынан әдебиетті қамтиды, бір жағынан әлеуметтік желілерді де қамтиды. Жалпы жан-жақты айналысуға және мәліметтер алуға өзім қызықты деп ойлаймын.

 

Оқушылар саяхат барысында өңірдегі телеарналардың тыныс-тіршілігімен танысып, оларға арнайы шеберлік сыныптары өткізілді. Сондай-ақ жас қаламгерлер журналист мамандығына байланысты өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды. Білікті тілшілер де кейінгі толқынға ақыл-кеңестерін берді.

Жас қаламгерлер бүгіннің өзінде елде, қоғамда болып жатқан оқиғалардан тыс қалмай, үнемі ізденіс үстінде болулары керектігін атап өтті ұйымдастырушылар.

 

Бақыт Сәдуақасов