Қоғам

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

 

Өткен жылға қарағанда елімізде арақ-шарап өндірісі 9 пайызға артыпты. Десе де, сөрелердегі алкоголь өнімдерінің бәрі бірдей сапасы расталған деп дөп басып айту қиын. Биыл ғана ішімдікті қолдан жасауға қатысты 410 қылмыс тіркелген. Заңсыз айналымнан 9 млн. дана шөлмек тәркіленіп, көзі құртылды. Бұндай пайда қуған көлеңкелі бизнестің өңірімізде 7 фактісі орын алыпты. Селекторлық режимдегі отырыста өстіп оңай олжаға кенелемін деушілердің жолын кесу амалдары қарастырылды.

 

Надежда Дубовая, “СҚ тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығы” ҚБ төрайымы:

– Сауда орындарында алкоголь өнімдерінің сапасын акциздік маркадағы сәйкес нөмірі арқылы тексеретін аппараттар орнату ұсынылды. Меніңше бұл өте дұрыс шешім. Осы арқылы тұтынушы ащы сусынның сапасына кепіл ала алады. Халықтық бақылау арқылы заңсыз саудагерлер жылдамырақ анықталады. Одан түскен салық арқылы үкімет қаржысы толығады.

 

Сондай-ақ қаржы полициясы Агенттігінің қоғамдық кеңесінің отырысында ақша айналымын реттеу мәселесі көтерілді. Бұл да жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабу қамында жасалған. Биыл ғана қазақстандықтар қаржы институттарынан 1,2 трлн. теңге қолма-қол ақша алыпты. Оның 800 млрд-тан астамы нендей мақсаттарға жұмсалғаны белгісіз. Жиынға қатысушылар тасада кеткен қомақты қаржы көбіне көз қысты бармақ бастылыққа бағытталады дейді. Әлеуметтік зұлымдыққа жол бергендерді жауапқа тарту – 4, жалған кәсіпкерлікті әшкерелеу 5 есеге ұлғайған. Барлық экономикалық қылмыстардың 4/1 біреудің ақшасын сүліктей соруға дағдыланған парақорлардың үлесінде екен.

 

Жеңіс Ермұқанов