Өнеркәсіп

Киров атындағы зауытқа – 85 жыл

 

 

Киров атындағы зауыттың іргетасы 1928 жылдың 20 қарашасында Мәскеу қаласында радиоқұрастыру шеберханасы болып ашылған. Біздің өңірімізге осыдан 38 жыл бұрын көшірілді. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Биыл кәсіпорынға 85 жыл толып отыр. Айтулы күнмен зауыт ұжымын облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

Бұдан соң еңбегімен ерекшеленген зауыттықтар өңір басшысының қолынан алғыс хат алды. Ілтипатқа бөленгендердің бірі – Надежда Крылова. Ардагер өмірінің 35 жылын кәсіпорынның дамуына арнапты.

 

Надежда Крылова, зейнеткер:

Талай жылғы еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Кәсіпорынның бүгінгі жағдайын өткенмен салыстыруға болмайды. Зауыт қазіргі күні заман талабына сай күй кешуде. Болашағының зор болатынына сенімдімін. Барша әріптестерімді айтулы мерекемен құттықтаймын.

 

Қазіргі күні кәсіпорын еліміздің теміржол саласына қажетті электр құрылғыларының 100-ден астам түрін шығарады. Сондай-ақ зауыт осыдан бірер жыл бұрын сандық телевизияны дамытуға қажетті «Отау-тв» қондырғыларын өндіруді де қолға алды. Заман талабына сай өндірісті өркендетуде кейінгі толқынға артылар міндет зор. Салтанатты шара барысында облыс әкімі аға буын өкілдері мен белсенді жастарды да марапаттады.

 

Алексей Сафонов, кәсіпорын заңгері:

-Соңғы үш жылда кәсіпорын айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ол әрине мемлекеттік қолдаудың арқасы деп білемін. Бүгінгі күні еңбегімнің еленіп, өңір басшысының қолынан құрмет грамотасын алу үлкен қуаныш. Алдағы уақытта да бар күшімді кәсіпорынның өркендеуіне арнаймын.

 

Кәсіпорын мерейтойына Қорғаныс істері министрлігі және «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының өкілдері де ортақтасты. Олар да тойға құр алақан келмегендерін көрсетіп, бір топ зауыттықтарды құрмет грамотасы және төсбелгілермен марапаттады.

 

Самат Есмағи