Бизнес және экономика

Кәсіпкерлердің жаңа жобалары мемлекеттік қолдауға ие болды

 

 

Алдымен өңірлік үйлестіру кеңесінде Александр Бугаеев ұсынған тың бастама қаралды. Петропавл тұрғыны электр құрылғыларын жинаумен айналысады. Жылдық өндіріс көлемі 60 млн. теңге шамасында. Сұраныс артқан соң  өнімнің шығарылымын ұлғайтуға бел буыпты.

 

Александр Бугаеев, “СеверМонтажАвтоматика” ЖШС директоры:

– Банктен 24 млн теңгенің несиесін рәсімдедім. Оған заманауи құрылғылар алуды көздеп отырмыз. Өйткені өңірімізде құрылыс компанияларының 70 пайызымен жұмыс жасаймыз. Тапсырысты орындауға үлгермей жатырмыз. Үкімет жылдық мөлшерлемесін жартылай субсидияласа ісіміз өрге домалар еді.

 

Кәсіпкердің өкінішіне қарай бұл жолы көксегеніне жете алмады. Оның өзіндік себептері бар.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Жоба әлі шикілеу, өңдейтін тұстары бар. Құжаттары толық емес. Заңдылығы тексерілмеген. Бұл кемшіліктердің орнын толтыру керек. Өйтпегенде, бұл ойдың өміршеңдігі көрініп-ақ тұр. Құрылыс саласына қарқын қосары сөзсіз. Жаңа жылға дейін міндетті түрде жобаға қайта оралып қарайтын боламыз.

 

Ал жеке ісінің іргесін кеңейтем деген “Тың Жер” серіктестігінің сұрауын кеңес мүшелері бірден қолдады. Ондағы шағын элеватордың сыйымдылығы 11 мың тонна. Астық қабылдау кәсіпорнының басшысы өндіріс қуаттылығын 18,5 мың тоннаға жеткізуге ниетті. Мақсатын жүзеге асыруда кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып қалмақшы.

 

Светлана Карабанова, “Тың Жер” ЖШС директоры, М. Жұмабаев ауданы:

– Көбіне майлы дақылдарды сыртқа экспорттаумен айналысамыз. Шетелге саудаланатын өнімді сапаландыруға қажеттінің бәрі бар. Кептіреміз, тазалаймыз, дәрумендер қосамыз. Көптеген элеваторлар бұндай қызметті көрсетпейді. Сондай-ақ ауылдықтарға жаңадан жұмыс орындары ашылады.

 

Отырыста енді бір дәл осындай жоба мақұлданды. Астықты өлке биыл майлы дақылдар алқабын ұлғайтқаны белгілі. Қайрат Бекенов бұл кәсіпкерлерге өсірілген өнімді шикізат күйінде саудаламай, терең өңдеуді қолға алған жөн болатынын тілге тиек етті. Бұл пайданы бірнеше есеге ұлғайтудың кепілі. Сондай-ақ, жүк тасымалын жетілдіруге қатысты 3 өтініш қаралып, “кұп” делінді. Бұдан өзге, мал шаруашылығы мен баспа қызметін дамытуды сұрағандар қолдау тапты. Бірқатар жобамен келісім үзілді. Олар негізінен жеңілдетілген қарызын айлап өтемеген.

 

Жеңіс Ермұқанов