Білім

Қазақ тілі білгірлерінің сайысы

Қазақ тілі білгірлерінің сайысы осымен облыс көлемінде төртінші жыл ұйымдастырылды. Айнагүл Мінайдарова Жамбыл ауданына қарасты Үлгі ауылынан келіпті. 7-сынып оқушысы білімділер мен өнерпаздар додасында қатысуға тұңғыш рет мүмкіндік алыпты. Ол бүгін «Сөз шеберлері» бағытында көркем шығарманы мәнерлеп оқуда бақ сынамақ.

Айнагүл Мінайдарова, Үлгі орта мектебінің оқушысы, Жамбыл ауданы:

– Қазақ тілі және әдебиеті пәні  бағытында Қасым Аманжоловтың «Қазақстан» атты өлеңін жаттап, дайындап әкелдім. Өйткені бұл өлең өте әсерлі, Қазақстанның тәуелсіздік алғаны, оның бостандықта, ешкімнің құрсауында еместігі нақты сеніммен айтылған.

Ал қазақ-түрік лицейінің оқушысы Дина Құсайынова «Жас ғалымдар» бағытында қазақ тілі олимпиадасында «Жарнама тілі: сын мен ұсыныс» деген ғылыми жобасын дайындап әкеліпті.

Дина Құсайынова, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы:

– Біздің қаламызда қате жарнамаларды көп кездестіруге болады. Қазақ тілі сауатты болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан осы жобаны алдым.

Бұл сайысқа облыс аумағындағы мектептерден барлығы 111 оқушы қатысты.

Бақыт Рамазанов, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатының оқу ісінің меңгерушісі:

– Бес бағыт бойынша өтіп жатыр. Әнші бұлбұлдар, Жас ғалымдар, сөз шеберлері, тілші-әдебиетшілер бойынша. Әр бағытта кем дегенде 20-25 оқушыдан қатысып жатыр.

Жеңімпаздар олимпиаданың 4-5 сәуір күні Астанада өтетін республикалық кезеңіне қатысады.

Әспет Әбдірешова