Бизнес және экономика

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер канадалық мамандардан тәжірибе алуда

 

Сергей Сокирко “Бизнестің жол картасы” ұлттық жобасының шарапатын көріп жүрген іскер азаматтардың бірі. Кәсіпкер осымен 20 жыл бойы солтүстіктің қаһарлы қысына төтеп беретін қысқы киім үлгілерін тігумен айналысады. Сұраныс артқан соң биылдан төл өнімінің шығарылымын ұлғайтуға ден қойыпты. Жыл басынан жеке ісінің іргесі кеңейіп, өндіріс көлемі біршама артты. Жаңадан 25 жұмыс орны құрылды.

 

Сергей Сокирко, “Сокирко С. Н.” ЖК директоры:

-Өткен ақпан айында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында несиемнің үстемеақысы субсидияланды. Жылдық мөлшерлеменің тең жартысын үкімет өз мойнына алды. Кейін «Даму» қоры арқылы Алматы мен Астана қалаларында бизнесімді тиімді жүргізу үшін оқып қайттым.

 

Белсенді жерлесіміз үкіметтік демеудің енді бір қолайлы тетігін пайдаланып жатыр. Табысты кәсіпкер жеке ісін одан бетер өрге домалатудың қамында “Аға сеньорлар” бағдарламасына қатысуға бел буған. Бас киімдер ательесінде канадалық Агата Коллард өз тәжірибесімен бөлісуде. Шетелдік сарапшының аса қиын фасонды киім пішу саласында жүргеніне 25 жыл болыпты.

 

Агата Коллард:

– Біздің «Кессол» ұйымында 300-ден артық ерікті бар. Барлығы да өз ісінің хас шебері. Көбіне аға буын өкілдері. Құрамға 62 жастан кейін аламыз. Байқағанымдай фабрика шағын болғанымен, киім тігу әдісінің қыр-сырын меңгерген. Сапасына да сын айта алмаймын. Менің мақсатым маркетинг жағын жақсартуға септесу. Сондай-ақ жұмыс тәртібін тиімді құруға үйретемін.

 

Ирина Валиеваның бас кимідер тігіп жүргеніне 8 жыл болыпты. Шетелге шықпай-ақ батыстың жаңа үлгілерін пішуге үйреніп, шеберлік шыңдаудың мүмкіндігі туғанына риза.

 

Ирина Валиева,”Сокирко С. Н.” ЖК шебері:

– Жұмысымыз қиын емес. Алайда әр матаның өз талғамы бар. Шикізатты жаңа технологиялармен өңдеуге болатынын білеміз. Алайда үйрену үшін шекара асу керек болатын. Енді жұмыс орнында осыған қолымыз жетті. Мәселен жеке басым терімен жұмыс жасаудың жаңа әдістерін меңгеріп алдым.

 

Канадалық шебер өңірімізге “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорымен әріптестік орнату аясында келген.

Жыл басынан қолайлылығын танытқан жаңа бағдарлама алдағы уақытта да жалғасатын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов