Спорт

Мемлекеттік қызметшілер теннистен жарысты

 

Биыл тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл толады. Егеменді елдің мәртебесін ұлықтайтын мейрамға орай мемлекеттік қызметшілер өзара үздік теннисшіні анықтау үшін бас қосты. Бұған бел буған сайыскерлердің тартысы мемлекеттік әнұранмен ашылды.

Кейін әуесқойлар негізгі мақсаттарына кірісіп шеберлік байқасты. Аудандық, облыстық, аумақтық құрылымдар мен арнайы қызмет мамандары лек-лекке жіктелді. Барлығы 70 адамнан тұратын 16 құрама.

 

Ирина Пюрко, жарыстың бас төрешісі:

-Мемлекеттік қызметшілер арасындағы бұл жарыс төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып дәстүрге айналды. Әр дода сайын сайыскерлердің санымен қатар сапасы да артып келеді. Бұл бұқаралық спорттың белең алуының белгісі. Біздің көздегеніміз де осы. Қимылды аз талап ететін кеңселік қызметте жүрген мамандарды салауатты өмір салтына баулып, бойларына қан жүгірту.

 

Шынымен денсаулықты шыңдауды көздейтін шара кәдімгі кәсіпқой жарысқа айналғандай әсер қалдырады. Бірқатары ракетканы қос қолымен бірдей меңгеріп алған. Бәсекелестік мықты. Жарыстың фавориттері саналатын арнайы қызметтер легінде қаржы полицейлеріне тең келер қарсылас табылмай ақтық сынның жолдамасы иесін тапты.

Петропавл қалалық әкімдігінің құрамы да өз тобында үздік ұпай жинап қорытынды сынға өтті.

Сондай ақ бас жүлденің тағдырын табиғи ресурстарды реттеу басқармасы мен салық департаментінің әуесқой теннисшілері сарапқа салды. Нәтижесінде ширақ ойын үлгісін танытқан өңіріміздің қаржы полицейлері майталман атанды.

 

Жеңіс Ермұқанов