Салық басқармасы

Кассалық аппарат болмаса – 50 АЕК дейін айыппұл

 

Бүгінде ҚР-ның Салық кодексіне сәйкес барлық дүкендер мен қолма-қол ақша арқылы қызмет  көрсететін мекемелер кассалық-бақылау машиналарын қолдануға міндеттелген. Бұдан тек кейбір кәсіпкерлер ғана босатылған.

 

Лилия Әбілева,Петропавл қаласы бойынша салық басқармасының бас маманы:

-Жеке кәсіпкерлер ретінде міндетті мемлекеттік тіркелуге жатпайтын жеке тұлғалар. Арнаулы салық режимі шеңберінде патент негізінде жұмыс істейтін шағын бизнес субъектілері. Және шаруа немесе фермер қожалықтары кассалық-бақылау машинасын орнатуға міндетті емес.

 

Салық заңнамасындағы бұл тәртіптен билет бойынша жолаушылар тасымалдайтын қалалық қоғамдық көлік жүргізушілері де босатылған. Ал, жеке кәсіпкерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, заңды тұлғаларға бұл жеңілдіктер қарастырылмаған. Керісінше, олар бекітілген тәртіпті бұзса, ескерту жасалып, әкімшілік жаза қолданылады.

 

Лилия Әбілева, Петропавл қаласы бойынша салық басқармасының бас маманы:

-Ағымдағы жылда жеке кәсіпкерлер заң талаптарын 2-ші рет орындамаса -15 АЕК, шағын және орта бизнес субъектілеріне – 30, ал, ірі кәсіпкерлерге 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, заңды тұлға  кассалық- бақылау машинасын қолданбаған немесе касса түбіртектерін беруден бас тартқан жағдайда тұтынушы бірден Мир көшесі, 85 мекен-жайындағы салық басқармасына шағымдануы қажет.

 

Солтүстікқазақстандықтар бұл шараны құптап отыр. Сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың көбі түбіртекті алады екен.

 

– Чекті алу керек. Осы арқылы біз үкіметтің салығына ақша түседі.

– Алған тауарымыз сапасыз болса, түбіртекпен оны қайтарып бере аламыз. Осы жағынан келгенде бақылау-кассалық машинаның болуы тұтынушы мен сатушы арасындағы тәртіпті қадағалайды.

– Кейбіреулері салық органында тіркелмей, заңсыз чек жасап береді. Ол жағдайда біз де қарап қалмай, тиісті іс-шара қолданып, міндетті түрде салық органына хабарлауымыз қажет.

 

Қазіргі уақытта тұтынушылар бақылау чегі арқылы ҚР қаржы министрлігі салық комитетінің www. salyk. kz порталынан кассалық-бақылау машинасының тіркелгендігі туралы тексерісті өз еркімен жүргізе алу мүмкіндігіне ие. Бүгінде Петропавлда 13 875 кассалық-бақылау машинасы тіркеліпті.

 

Берік Қасен