Ауыл шаруашылығы

“Леонов” шаруа қожалығына шетелден 96 сиыр әкелінді

 

“Леонов” ШҚ-на асыл тұқымды сиырлардың алғашқы легі тікелей АҚШ-тың Юта штатынан жеткізілді. 96 бас жоғары өнімді ірі қара 1 айдың ішінде 4 мың шақырымды артқа тастап, шекара асқан. Шетелдік зеңгі баба төлдерінің қазақ жеріне аяқ басуы мал шаруашылығы әлеуетін арттыру ұлттық жобасының жемісі. Жалпы жыл соңына дейін жаңа кешен 200 бас жоғары өнімді тайыншамен толығады. Бұл мақсатта 146 млн. тенгенің жеңілдетілген несиесі рәсімделген.

 

Яков Леонов, “Леонов” ШҚ басшысы, Аққайың ауданы:

– Алғаш рет мал алғанымызда үлкен қиындыққа тап болдық. Оның есесіне бұл жолы үкіметтен үлкен қолдау көрдік. Еш кезексіз 11-ші жылдың бағдарламасына сәйкес биыл тағы шетелден торпақтар алдық. Бастапқы жарна құнын төлеген жоқпыз. Осының арқасында 23 млн теңге үнемделіп, қалтамызда қалды.

 

Бұл американдық “голштино-фриздер” жайылымға шығуға дағдыланбаған. Сондықтан солтүстіктің қатал  ауа райына  бейімделгенше қамауда күтіліп-бағылуда. Әзірге 30 күн бойы мал ветеринарлардың жіті қарауында болады.

Құнажындардың бүгінгі күйі жаман емес. Қазірдің өзінде 1 жылдық төлдердің салмағы 400 келі шамасында. Болашақта сауын сиырлардың әрқайсысы жылына 7 мың литр сүт береді деп болжануда. Бірақ оған дәруменге бай, теңестірілген арнайы жем-шөп пен ерекше күтім қажет. Ол үшін серіктестікте барлық жағдайлар жасалған.

 

Яков Леонов, “Леонов” ШҚ басшысы, Аққайың ауданы:

– Алдымен теріскейдің ауа райына үйретіп алу керек. Кешенде қыстап шығатын қора-қопсы заман талабына сай тұрғызылған. Мал азығы жөнінен де қам жемейміз. Түрлі микро, макро қоспалы жем-шөп қоры былтырдан толық. Егер бастамамыз сәтті жүзеге асса, келер жылы тағы осыншама бас алуды көздеп отырмыз.

 

Жергілікті ірі қараны асылдандыру мақсатында облысымызға биыл шетелден 600-ге тарта төл жеткізілді. Жоғары өнімді тайыншалар мемлекеттік бағдарлама аясында “ҚазАгроҚаржы”АҚ қолдауымен сатып алынған.

 

Сергей Башмаков, “ҚазАгроҚаржы” АҚ инженер-механигі:

4 жоба іске асты. Алғашқы үшеуінде негізінен етті бағытты ангустар алынды. Енді міне сүтті бағытты бастаманы қолға алдық. Бәріне қойылатын талап бір. 5 жылға берілетін несиенің жылдық үстемеақысы 6 пайыз. Екі жыл қарыз мүлдем өтелмейді. Қалған үш жылда толықтай жабылуы тиіс.

 

Агралық-несиелік қаржы институты ұсынған бұл мүмкіндікті “Леонов” ШҚ қатар “Жолдаспай-Агро,” “Белое-Агро” мен “Приишимское” серіктестіктері пайдаланып қалыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов