Қылмыс

Қалта ұрылары қолға түсті

 

Қалалық ІІБ бірінші полиция бөліміне облыс орталығының тұрғындары сөмкелерінен ақша ұрланды деп арызданған. Жәбірленушілер оқиға дәріханалардағы кассада кезекте тұрған кезде орын алды дейді. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері  23 және 29 жастағы екі қызды ұстады. Біреуінің тіпті осыған дейін мүліктік қылмыс үшін сотталып шыққаны анықталды. Жауап алу барысында сезіктілердің бірі Абай және Мир көшелері бойында орналасқан дәріханаларда қылмыс жасағанын мойындады. Ал құрбысы барлық жағдайларда тек куәгер ретінде ғана болдым деп ақталуда.

 

-Әмияндағы ақшаны алдық, онда 11 мың теңге болды. Әмиянды лақтырып жібердік, ақшаны жұмсадық.

 

Қолға түскендердің екеуі де еш жерде оқымайды, жұмыс та істемейді. Облыс орталығында жалға алған пәтерде тұрады екен. Тергеу барысында қос құрбының нашақорлар ретінде есепке алынғандығы да белгілі болды.

Тәртіп сақшылары құнды заттарды ішкі қалталарда сақтап, сонымен қатар өз мүлкіңізге жауапкершілікпен қарау керектігін ескертеді. Сақтықта қорлық жоқ деп бекер айтылмаған.

Самат Есмағи