Өнеркәсіп

Тігін фабрикасында мамандар тапшы

 

 

Анархан Ахметованың тігін фабрикасында киім пішіп жүргеніне 22 жыл болыпты. Шебер өткен жылы айлап жалақы көрмеген күндеріміз болды дейді. Шаруашылық “Әскери киімдер тігу фабрикасы” серіктестігінің иелігіне көшкелі жағдай біршама оңалғанға ұқсайды. Былтыр тақырға отырып қалған кәсіпорынның бос тұрған құрылғыларына қазір жан бітіп, цехта жұмыс қызған.

Бүгінде штаттық құрамда 80-нен артық тігінші бар.  Дені әрине нәзік жанды, тек біреуі ғана ер адам. Қыз-келіншектерге ауыр тиетін шаруа Сергей Рощиннің мойнына жүктелген. Ол жаңа кәсіпорын құрылғалы тұрақты табыс көзімен қамтылдық дейді.

 

Сергей Рощин, тігінші:

– Ес білгенімнен анамның іс тігіп отырғанын көріп өстім. Сондықтан таңдаған мамандығым жаныма жақын. Тігісі білек күшін талап ететін бар жұмыс ауқымын мен атқарамын. Артылған жүк аса ауыр деп айта алмаймын. Бірақ ер адамның ебі керек. Өз жеке үлгілерімді де пішіп шығарамын. Жалақы да жаман емес, уақытында беріп тұрады.

 

Өндірісі қарқын алған фабрика күніне 100 шақты арнайы киім-кешек шығарады екен. Негізінен әскери форма. Биылдыққа ғана Қорғаныс министірлігі мен арнайы қызметтерден 12 мың данасына тапсырыс түсіпті. Онымен қатар жаңа киім үлгілерін құрастыратын тәжірибелік цех та жұмыс істейді. Айына тігіншілердің 2-3 дана төл туындылары сынақтан өтеді екен.

 

Мухарлям Шарафутдинов, “Әскери киім тігу фабрикасы” ЖШС директоры:

– Біз Қазақстанға таңсық “Ноумакс” матасын пайдаланамыз. Ол өте берік. Біз алдымен осы материалдан құрылған үлгіні арнайы қызметтерге сынауға береміз. Жиі кір басатын немесе тозатын бөлігін анықтап жетілдіреміз. Әрбірінің талғамын ескеруге тырысамыз. Кейін петропавлдық өнімді патенттеп, ел көлеміне тарату ойымызда бар.

 

Десе де серіктестік әлі де толық қуатқа көшпеген. Бар мүмкіндіктің тек жартысын ғана пайдаланып отыр. Бар гәп – жұмыс қолының жетіспеуінде. Маман тапшылығының кесірінен ауқымды келісімдер жасауға мүмкіндік тумай отырғанға ұқсайды.

 

Мухарлям Шарафутдинов, “Әскери киім тігу фабрикасы” ЖШС директоры:

– Биыл жұмысшылар санын 85-ке жеткіздік. Бастағанда 30-дан сәл артық адам еңбек еткен. Жыл соңына дейін қызметкерлердің санын жүзден асыру жоспарланып отыр. Өңірдегі әлеуметтік қызметтермен келісімге тұрдық. Бос орындар жәрмеңкесіне ұдайы қатысамыз. Қолданыстағы тігін машиналары 20 жылдан артық қызмет етті. Біртіндеп жаңартып жатырмыз.

 

Сондай-ақ оқу орындарының студенттері осы жерде білімдерін тұйықтап, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие. Өндіріс іргесін кеңейтудегі мақсат – мемлекеттік тапсырыс аясын ұлғайтып, қызмет сапасын арттыра түсу. Ішкі сұранысты қанағаттандырумен қатар кәсіпорын кедендік одақтың бірыңғай нарық кеңістігіне шығуды жоспарлап отыр.

 

Жеңіс Ермұқанов